НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Jas Otan қатарына қоғамға пайдасын тигізуге дайын жастарды тарту қажет екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Президент қаңтардағы қайғылы оқиғалар жастардың әлеуметтік-экономикалық бейімінде елеулі олқылықтар барын көрсеткенін атап өтті. Айтуынша, бұған жергілікті атқарушы органдар да, жалпы мемлекеттік басқару жүйесі де кінәлі.
"Jas Otan нақты жұмыс үшін үлкен мүмкіндіктерге ие. Партияның жастар қанатында бүкіл ел бойынша 100 мыңнан астам адам бар. Алайда бұл маңызды ресурс тиісінше қолданылмай отыр", - деді Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI Съезінде.
Мемлекет басшысы қалаларда бос жүрген жастармен нақты жұмыс жүргізуді мықтап қолға алуды тапсырды. Оның пікірінше, "Jas Otan" қатарына жастар арасында сенімге ие, қоғамға пайдалы іспен айналысуға дайын лидерлерді тарту қажет.
"Мемлекет жастарды жұмыспен қамту, білім және оқыту саласында бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырады. Алайда, әлеуметтік сауалнама нәтижесі көрсеткендей, жастардың көбі олардан мүлде бейхабар. Мұндай жағдайды дереу өзгерту керек", - деді президент.
Елордада Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI Съезі өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 389 делегат онлайн-форматта қатысып отыр.
Съезде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы болып сайланды.