Қоғам

Президент "Қазақстан халқына" қорына ақша аударуға асықпайтын олигархтарға үндеу жолдады

Ол ірі бизнес тарапынан қайырымдылық процесін реттейтін арнайы жарлық шығаруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан халқына" қорына ақша аударған кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді.
"Осылайша сіздер қайырымдылық көмекке мұқтаж азаматтардың алдында азаматтық жауапкершілік танытып отырсыздар", - деді Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI Съезінде.
Дегенмен, оның айтуынша, мемлекет басшысының ұсынысын елемей отырған бизнесмендер де бар.
"Олигополияның бөлігі саналатын, тіпті оның бет-бейнесіне айналған бизнестегі кейбір танымал тұлғалар мемлекет басшысы бастамашы болған қайырымдылық акциясына қатысуға асығар емес. Бұл не: сараңдық па, нигилизм бе, немқұрайлылық па әлде менсінбеу ме? Қалай болғанда да, бұл сұраққа толық жауап алу үшін мемлекеттің барлық өкілеттігі бар", - деді Тоқаев.
Ол ірі бизнес тарапынан қайырымдылық процесін реттейтін арнайы жарлық шығаруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.