Экономика

Тоқаевтың бастамасы: шетелдегі капиталды елге қалай қайтаруға болады

Сарапшылар шетелдегі капиталды екі жолмен қайтаруға болады дейді. Бірақ өз еркімен ақшаны экономикаға құятын олигархтар аз. Сондықтан оларды барынша ынталандыру қажет. Қатаң шараларды да қолға алған жөн
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президенті олигархтардың шетелдегі капиталын елге қайтаруға мүдделі. Ал халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша ол ақшаның көлемі жүздеген миллиард долларды құрайды. Тіпті, Қазақстанның бір жылдық ішкі жалпы өнімінен асып кетеді, яғни бір жылға жететін қаржы. Отандық экономистер президенттің шетелдегі капиталды қайтаруға қатысты бастамасын қалай іске асыруға болатынын айтты.

Ақшаны заңдастыруға болады

Экономист Арман Байғановтың айтуынша, шетелдегі капиталды қайтарудың екі жолы бар. Біріншісі – ақша мен мүлікті заңдастыру шарасы.
"Бізде әдеттегідей амнистия жариялайды ғой. Бұған дейін жылжымайтын мүлік пен капиталды заңдастыруға мүмкіндік берген. Сол сияқты шетелге шығарылған ақшаны заңдастыруға жағдай жасауға болады. Мысалы, салық жағынан жеңілдік берілуі мүмкін. Сонда олар ақшаны әкеліп, өз еліміздегі банктерге салады. Бірақ нақты бір кәсіпорын құру және жұмыс орындарын ашу сияқты талап болатын шығар. Осылайша, бірнеше ай беріп, бір реттік акция өткізуге болады", - деді Байғанов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Шетелдегі капиталды қайтарудың тағы бір  жолы – ол қылмыстық істер қозғау. Сосын сот шешімі негізінде шетелдік банкте жатқан ақшаны талап етуге болады.
"Ондайда ақшаның қай жерден және қалай келгенін жан-жақты тексеру керек. Табыстың көзін зерделейді. Бұған дейінгі жекешелендіру қалай жасалғанын да зерттеуі мүмкін. Міне, сол кезде барлық тәртіп бұзушылық анықталады. Шенеуніктермен де байланыс болуы әбден мүмкін. Сөйтіп, қылмыстық істер қозғап, шетелдегі құқық қорғау органдарына шығуға болады. Ал қылмыстық іс қозғалғанда есепшотты ресми түрде бұғаттауға мүмкіндік бар", - дейді Байғанов.

Олигархтар ақшаны кодпен құлыптап қояды

GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық та шетелдегі капиталды қайтаруды ынталандыру қажет деп санайды.
"Президенттің айтқаны "егер ақшаны елге алып келсеңіз, біз сізге тимейміз" деген әңгімеге келеді ғой. Ал халық арасында "Неге ол адамдардың есепшотын бұғаттап тастамаймыз?", "Неге үкімет ақшаны өзі шешіп алмайды?" деген сұрақтар жиі қойылады. Бірақ бұл жерде бір мәселе бар. Шетелге ақша шығарған адамдар көп жағдайда ақшаларын коды бар есепшотта ұстайды. Ол есепшотты кодты білетін адам ғана аша алады. Үкімет те, қаржы полициясы да қол сұға алмайды. Сондықтан шетелдегі капиталды қайтару шешімі адамның ішкі мотивациясынан, адамгершілік сезімінен шығуы керек. Ол үшін адамды ынталандыру қажет", - деді Халық Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында. 
Экономист Арман Байғановтың пікірінше, шетелдегі капиталды қайтаруға жағдай жасалғаннан кейін ол ақшаны қайтадан шетелге шығаруға барынша тосқауыл қою қажет.
"Бұған дейінгі қателіктерді ескере отырып, ақшаны ірі көлемде шетелге аудару және шығару операцияларын жіті бақылап отыру керек. Бүгінде тексеріс бар. Бірақ ол тексерісті барынша күшейту керек", - деді Байғанов.
Осы орайда сарапшы ақшаны шетелге жылыстатудың айқын бір көрінісін мысалға келтірді.
"Қазіргі кезде делдалдар арқылы ақшаны шетелге шығару тәжірибесі кеңінен таралған. Мысалы, тауарды бірнеше есеге төмендетіп қояды да, ақшаны көптеп аударады. Сондықтан әлемдік бағалармен салыстырып отыру қажет. Егер делдал арқылы бес-он есеге арзан сатып жатса, ақшаны шетелге шығарып жатыр деген сөз. Ондай әрекеттерді бірден тыйып отырған жөн. Әсіресе, экспорттаушы компанияларды тексеріп жүру керек", - деп атап көрсетті Байғанов.
Сарапшылардың айтуынша, 160 миллирд доллар аз ақша емес. Бірақ нақты сомасы одан да көп болуы мүмкін.
"Негізі, бұл өте көп ақша ғой. Дегенмен, ол шамамен айтылған сома, нақты ешкім айта алмайды. Тәуелсіздік жылдары ішінде одан да көп шығарылуы мүмкін. Бәлкім, одан аз болады", - дейді Байғанов.

Тоқаев олигархтарға не деді?

Жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда табыс тапқан ірі бизнес өкілдерін ақшаны өз жерінде жұмсауға үндеді.
"Егер өз болашағыңызды Қазақстанмен байланыстырамын десеңіз, тапқан ақшаңызды еліңізге қайта салуыңыз қажет. Қазақстанның алдындағы саяси және әлеуметтік жауапкершілігіңіз сол. "Осы жерде ақша тауып, ана жақта жұмсаймыз" деген қағиданың практикалық қолданысқа құқығы жоқ", - деді Тоқаев. 
Президенттің айтуынша, осы саладағы жұмыс екі бағытта жүргізіледі. Біріншісі – капиталды елге қайтару немесе қайтаруды ынталандыру, екіншісі – офшорға ақша шығаруға тосқауыл қою.
"Ондай механизмдер әлемнің көптеген елдерінде бар. Бізге де осы бағытта жұмыс істеу керек. Осы жұмысқа банктерді жұмылдыру жағын ойластыруымыз қажет. Ақша нарықтағы спекуляцияға емес, нақты экономикаға салынуы шарт", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, шетелдегі капиталдың көлемі 160 миллиард долларды құрайды.