Саясат

"Жауапкершілікке тарту керек": Тоқаев партия жұмысына қатысты тапсырма берді

Лауазымды адамдар ісіне немқұрайлы қараса, оларды партиялық жауапкершілікке тарту керек, деді мемлекет басшысы
Sputnik
АЛМАТЫ, 28 қаңтар – Sputnik. Nur Otan сыбайлас жемқорлыққа қарсы аяусыз күрестің алдыңғы шебінде болып, осы күрделі проблема бойынша пайдалы бастамалар ұсынуға тиіс, деп мәлімдеді Қазақстан президенті, партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Қоғамдық қабылдаулардың қызметін жандандыру қажет. Партияның бүкіл ел бойынша 238 қоғамдық қабылдау бөлімі бар, бірақ олардың жұмысы көрінбейді. Сонымен қатар азаматтардың барлық өтінішін қадағалау қажет. Лауазымды адамдар ісіне немқұрайлы қараса, оларды партиялық жауапкершілікке тарту керек. Іс біткен соң емес, алдын ала жұмыс істеу қажет", - деді Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI съезінде.
Осы ретте жұмыстың едәуір бөлігін проактивті форматқа көшіруге болады. Яғни өтініштерді талдау негізінде алдын ала жүйелі проблемаларды анықтап, олар туралы партия басшылығына немесе үкіметке жеткізу қажет.
"Nur Otan мен жариялаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы аяусыз күрестің алдыңғы шебінде болып, осы күрделі проблема бойынша пайдалы бастамалар ұсынуға тиіс. Жасыратыны жоқ, жүйелі сыбайлас жемқорлық қаңтардағы наразылыққа өзіндік себеп болды", - деді президент.
Айтуынша, қоғамда азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқын қалыптастыру маңызды болып отыр. Осы бағытта азаматтық қоғам бірікпесе, оған қол жеткізу мүмкін емес, ал партия оның ажырамас бөлігі. Сондықтан президент партияның жемқорлыққа қарсы стратегиясын жаңарту қажет екенін айтты.
Айта кетері, Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI съезінде партия төрағасы болып сайланды.