Білім

Жаңа мектеп салу мәселесін шешуге бір апта берілді

Қазақстанның оңтүстігі мен батысында білікті педагогтар ғана емес, мектеп те тапшы
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Елдің оңтүстік және батыс аймақтарында мектеп құрылысын жүргізуге қосымша 20 миллиард теңге (46 миллион доллар) бөлінеді. Бұл туралы пермьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, "Ауыл ел бесігі" бағдарламасы аясында батыс және оңтүстік өңірлердегі білім, мәдениет және спорт нысандарының құрылысына қосымша 20 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Бір апта ішінде әкімдіктермен бірлесе отырып, осы өңірлерде білім беру нысандарын салу жоспарын әзірлеу қажет", - деді Тоғжанов білім және ғылыми министрлігінің алқа отырысында.
Ол әсіресе үш ауысыммен оқитын мектептердің проблемасын шешуге баса назар аударуды тапсырды.
Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова, оқу орнын көбейту үшін 2022 жылы 200 жаңа мектеп салу жоспарланып отырғанын айтты. Бұл мемлекеттік бюджет есебінен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, сондай-ақ жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырыстарын орналастыру арқылы жүзеге асырлады деп көзделіп отыр.
"Құрылыс жүргізу заңға сәйкес әкімдіктердің құзырындағы мәселе ретінде қарастырылған. Қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету және тиімділігін арттыру үшін барлық білім беру ұйымдары бұл есепке көшуі керек", - деді вице-министр.
Біраз бұрын Қазақстанның үздік мұғалімдерін Маңғыстау, Атырау, Алматы және Түркістан облыстарына жұмысқа тарту жоспарланып жатқаны туралы хабарланды.
Ол үшін педагогтардың жалақысын көтеріп, сондай-ақ жалға берілетін баспана мен коммуналдық қызметтер төлемімен қамтамасыз ету шарасы қолданылады.