НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда балабақшы кезегінің бірыңғай базасы жасалады. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Балабақшалардың кезегі бойынша бірыңғай базаны құру жоспарланып отыр. Негізгі мақсат – орындарды бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету және қаржыны тиісті білім беру мекемесіне бағыттау", - деді Каринова министрліктің алқа мәжілісінде.
Сондай-ақ, бірыңғай базаның арқасында жұмыстың қосарлануы болмайды деген жоспар бар.
Министрліктің баспасөз қызметі балабақша орындарын бөлу құзіреті бұрынғыдай әкімдіктерде қалатынын нақтылады.
Әзірше, басқа мәлімет жоқ.
Айта кетері, қазіргі кезде балабақша кезегіне Indigo порталы арқылы тұруға болады. Сол жерде босаған орындарындың саны да жарияланып отырады.
Вице-министр Шолпан Каринованың айтуынша, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмыс сапасын арттыру шаралары да жалғаса береді.
Мемлекеттік тапсырысты орналастыру ережелеріне өзгеріс енгізіліп, талаптар күшейтіледі. Соның ішінде кәсіби мамандарды тарту, қауіпсіз әрі ыңғайлы жағдай жасау, мемлекеттік тапсырыстың қаржысын тиімті жұмсау және қызмет сапасын көтеру мәселелері бар.