АЛМАТЫ, 27 қаңтар – Sputnik. Қаңтардың басында болған жаппай тәртіпсіздік кезінде Павлодар әкімдігіне 2 миллион теңге көлемінде залал келген. Бұл туралы Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов мәлімдеді.
5 қаңтарда алаңға жүздеген адам жиналды, олардың алдына Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов шықты. Алайда жиналғандар облыс әкімімен сөйлеспей, қалалық әкімшілік ғимаратына шабуыл жасады. Ғимараттың есік-терезесін сындырды. Артынша тәртіп сақшылары шабуылдаушыларды тоқтатты.
Әкімдікке келген шығын 2 миллион теңгеден асты. Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылардың, азаматтар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында қайтыс болғандар жоқ.
Облыс аумағында дүкендерді тонау, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді ұрлау, шағын және орта бизнес нысандарын жою және бүлдіру фактілері тіркелмеді.
"Барлық тергеу әрекеті қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң түрде жүргізілді, ұсталғандардың барлығына білікті қорғаушылар берілді", - деп мәлімдеді аймақ полициясы.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін 435 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 324 адам әкімшілік қамауға алынды, 18 азаматқа айыппұл салынды.
Төтенше жағдай кезінде коменданттық сағат режимін бұзғаны үшін 2022 жылдың 5-13 қаңтар аралығында 813 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 206 азамат әкімшілік қамауға алынды, 251 адамға айыппұл салынды, 565 адамға ескерту жасалды. Үйіне жіберілген 682 азаматпен профилактикалық әңгіме жүргізілді.