Спорт

Қысқы Олимпиаданы қазақстандық телеарналар көрсетеді

XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты Нұр-Сұлтан уақытымен 4 ақпан 17:55-те басталады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Qazaqstan, Qazsport, Хабар және El arna Бейжіңде өтетін Қысқы Олимпиада ойындарын тікелей эфир арқылы көрсетеді, деп хабарлады ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.
Qazaqstan телеарнасындағы эфир толығымен қазақ тілінде жүргізіледі. Танымал комментаторлармен бірге қысқы спорт түрлері бойынша жаттықтырушылар мен спорт сарапшылары өз ойын ортаға салады.
Әрбір жарыстың алдында және жарыс күнінен кейін "Бейжің-2022" атауымен тікелей эфирде студиялық бағдарламалар ұйымдастырылады.
Телеэфирден бөлек, олимпиадалық жарыстарды www.qazaqstan.tv және www.qazsporttv.kz ресми сайты мен "Qazaqstan.tv" мобильді қосымшасынан көруге болады.
Айта кетері, XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты Нұр-Сұлтан уақытымен 4 ақпан 17:55-те басталады.
Қазақстанның намысын 34 спортшы қорғайды. Оларда 87 жолдама бар. Қазақстандық спортшылар шаңғы жарысы, фристайл акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты 8 спорт түрінен сынға түседі.
XIV қысқы Олимпиаданың эфирдегі трансляциялар кестесін мына жерден жүктеуге болады.

Оқи отырыңыз: