Қаңтар оқиғасы

Жамбыл облысында бүлік кезінде 15 адам көз жұмды

Жаппай тәртіпсіздік кезінде алған жарақаттан 15 адам қаза болып, 280 адам түрлі дене жарақатымен медициналық мекемелерге жүгінген
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 26 қаңтар — Sputnik. Жылдың басында елде болған жаппай тәртіпсіздік кезінде Жамбыл облысында 73 қылмыстық іс тіркелді. Бұл туралы өңірдегі полиция департаменті хабарлады.
Жамбыл облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Темірбек Оразымбетовтың айтуынша, 4-7 қаңтар аралығында Тараз қаласында болған жағдайға байланысты облыстық құқық қорғау органдары бүгінгі күні 73 қылмыстық іс, оның ішінде полиция департаменті 64 қылмыстық іс тіркеді.
Жаппай тәртіпсіздік кезінде алған жарақаттан 15 адам қаза болып, 280 адам түрлі дене жарақатымен медициналық мекемелерге жүгінген.
"Заңға қайшы қылмыстық әрекет жасады деген күдікпен 66 адам ұсталды, оның ішінде 8-і кәмелетке толмаған. Атап айтқанда, 61 адам сот қаулысымен қамауға алынды, 2 адам үй қамаққа алынды, қалған үшеуіне қатысты іс тергеу сотының қарауында жатыр. Барлық тергеу әрекеті қорғаушының қатысуымен өтеді және бейнежазба жүргізіледі. Айғақ жинақтау қатаң түрде Қылмыстық-процестік кодексінің талаптарына сәйкес және прокурордың қадағалауымен жүзеге асырылуда", - деп атап өтті Темірбек Оразымбетов.