Қоғам

Тоқаев Nur Otan-ның тізгінін қолға ала ма – саясаттанушылар пікірі 

Қазақстанда 30 жылдың ішінде қалыптасқан саяси жүйені бірден өзгерткеннен пайда болмайды, дейді Расул Жұмалы
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 26 қаңтар – Sputnik. Осы жұма күні, 28 қаңтарда Nur Otan партиясының кезектен тыс съезі өтеді. Сол жерде президент Қасым-Жомарт Тоқаев партияның төрағалығына ресми түрде сайланады деген болжам жасалып отыр. Ол туралы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев өз үндеуінде айтты. Ал Тоқаевтың шешімі қандай болады? Соңғы оқиғалар партия беделін түсіріп жіберген жоқ па? Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген саясаттанушылар өз ойын бөлісті.

Саяси сахнада салқынқандылық керек

Саясаттанушы Расул Жұмалының ойынша, төтенше жағдайдан кейін қолға алынған өзгерістер билік партиясына да әсер етуі керек.
"Қазір қоғамда сан алуан ұсыныс айтылып жатыр ғой. Партияға ребрендинг жасайық, партия жаңаруы керек, президенттің өзі төрағалықтан бас тартуы қажет дейді. Негізі кей мемлекеттерде ондай жүйе бар. Президент саяси партияда болмайды. Сөйтіп таразы басын тең ұстап отырады. Иә, әрбір ұсыныстың өзіндік қисыны бар", - деді Жұмалы Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында. 
Оның айтуынша, Қазақстанда 30 жылдың ішінде қалыптасқан саяси жүйені бірден өзгерткеннен пайда болмайды. Nur Otan-ның атауын ауыстырсақ та, жұмыс тиімділігін арттыра алмаймыз.
"Ребрендинг мәселесі де қаралуы мүмкін. Дәл қазір болмайтын шығар. Оны алдағы уақытта көре жатармыз. Жарайды, атауын өзгертті дейік, "Otan" болды немесе басқа бір атау берілсін. Бірақ одан не өзгереді? Мәселе сонда ғой. Нақты істер мен амалдарына баға беруіміз керек", - деп атап өтті Жұмалы.
Осы орайда саясаттанушы Nur Otan-ның соңғы бастамаларын еске алды. Бұған дейін праймериз ұйымдастырылып, партия қатарына жастар көптеп тартылды. Ауыл әкімдерінің сайлауы өтті.
"Меніңше, әжептәуір бір жаңару бар. Бірақ соңғы оқиғалар оның өзі жеткіліксіз болғанын көрсетті. Дегенмен қазір "мына партия көңілімізден шықпайды, оны таратуымыз керек" деп қызбалыққа салынатын уақыт емес. 6-7 партия халықтың мүддесін толығымен қорғап отыр деп тағы айта алмаймыз. Соңғы оқиғалардың аясында басқа партияларға да сын айтуға болады. Саяси сахнада кей кезде салқынқандылық керек. Эмоциямен жасалған кейбір шешімдер дұрыс болмауы да мүмкін. Ал өзгерістерді өзгеріс үшін емес, жағдайды түзету үшін жасайды. Президент те тәжірибелі саясаткер ретінде оны жақсы түсінеді", - деді Жұмалы.
Сарапшы Nur Otan-ның қатарында адам аз емес екенін де еске салды. Олардың бәрін президент жариялаған соңғы бастамаларға жұмылдыруға болады.  
"Қазір наразылыққа әкеліп соқтырған көптеген мәселе шешілген жоқ. Оны шешу жолдарын айту оңай. Бірақ оны кім іске асырады? Жалғыз Қасым-Жомарт Тоқаев емес қой, ол үшін аппарат бар. Ал осы аппараттың үлкен бір тармағы – Nur Otan", - деп атап өтті Жұмалы.

Кеңестік жүйеден қалған тәжірибе

Саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, бір адамның мемлекет пен саяси партияны басқаруы – кеңестік жүйеден қалған тәжірибе.
"Совет үкіметінде болған жүйе ғой. Брежнев коммунистік партияны және мемлекетті қатар басқарды. Бұл – билік партиясының баяғыдан келе жатқан дәстүрі. Бәрі бір қолда болуы керек. Ал Тоқаев Nur Otan төрағалығына сайлана ма, жоқ па, оны өзі шешеді. Ол – бір. Екіншіден, оны жиналыс шешеді. Сондықтан экс-президент сәл асығыстық жасаған сияқты. Дегенмен партияның төрағалығы Тоқаевқа ештеңе бермейді деп ойлаймын", - деді Көшім.
Билік саяси ұйымдарды көп жағдайда "қолбала" ретінде пайдаланып жатады.
"Бізде саяси құрылымдар, мейлі, ол ассамблея болсын, саяси партиялар болсын, тек билікті жақтау, биліктің көтерген мәселесін ары қарай дамытумен ғана айналысатын секілді, не болмаса, бір бастаманы көтеру кезінде "қолбаланың" қызметін атқарумен шектеледі", - деп түйіндеді Көшім.

Тоқаев партияны басқаруы керек 

Саясаттанушы Айдос Сарым президент Nur Otan-ның төрағалығына сайлануы керек деп санайды. Себебі бүгінде бюджеттердің бәрі Nur Otan партиясының бағдарламасына негізделген. 
"Аймақтық бюджет те, республикалық бюджет те солай. Мысалы, республикалық бюджетті алып қарасаңыз, "Nur Otan" деп жазылған. Мәслихаттарда отырғандардың басым бөлігі - Nur Otan мүшелері. Олар жергілікті бюджетті қарап отырады. Жақсы болсын, жаман болсын, бір-екі адам шығып кетсін, басқа адам кірсін. Мәселе мынада, мемлекеттік басқару жүйесін ұстап қалуымыз керек. Қазір қоғамда эмоция көп сияқты. Бірдеңені таратпас бұрын оның орнына не келеді? Ол не болады? Бүгінгі басқару жүйесін тығырыққа тірегеннен кейін елді мүлдем басқара алмай қалуымыз да ықтимал. Осыны ойлауымыз қажет. Ал қандай өзгеріс керек, оны президенттің өзі айта жатар", - деді Сарым Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында. 
Былтыр мәжіліске сайланған депутат Сарым "парламентті тарату керек" дейтін адамдарға да жауап берді.
"Оларға айтар бірнеше уәжім бар. Мысалы, қазір басқару жүйесіне, әсіресе, қорғаныс саласына қатысты көптеген заңды қабылдау немесе өзгерту керек. Басты мәселе қауіпсіздік пен мемлекеттің тұрақтылығы десек, армия, ұлттық қауіпсіздік және тағы басқа күштерге қатысты заңдарды тез арада қабылдау керек. Ал енді парламентті таратсақ, одан кейін сайлауға дайындық бар, төрт-бес айға кетіп қалса, президенттің қолын байлап қойғандай боламыз. Сайлауды ертең өткізген күннің өзінде бірде-бір оппозициялық партия жоқ қой. Тағы алты партия сайлауға түседі. Сонда кім жеңеді? Меніңше қайтадан Nur Otan жеңеді. Себебі халықтың басым бөлігі наразылықтарға қатысқан жоқ", - деп атап өтті Сарым. 
Сарапшының айтуынша, қазіргі кезде елді дамытуға қатысты көптеген ұсыныс айтылып жатыр. Соның бәрін тиімді іске асыруға болады. 
"Саясат та компромистің ісі ғой. "Менің ғана айтқаным болады, менің айтқаным болмаса, ешкімінің керегі жоқ" дейтін әңгіме, шын мәнінде, радикализм. Мысалы мен мына ұсынысты қолдап жатсам, сен онда мынаны қолдауға дайын отыр. "Егер мен мына жерге дейін шегінетін болсам, сен онда мына жерге дейін шегінуге дайын отыр" дейтін саяси күштер келуі керек. Сонда ғана реформалар тиянақты түрде орындалады. Шын мәнінде жұрттың көңілінен шығады, елдің басқару жүйесі де бұзылмайды. Ал тарата салуды және қирата салуды басқа елдерден де көріп жатырмыз ғой", - дейді Сарым.