НҰР-СҰЛТАН, 26 қаңтар – Sputnik. Андрей Стенинді еске алуға арналған жас фоторепортерлердің сегізінші халықаралық байқауының қазылар алқасы белгілі болды. 2022 жылы да байқауға келіп түскен жұмыстарды білікті мамандар бағалайды. Қазылар алқасы қатарына екінші жыл қатарынан әр жылдары байқауға қатысушылардың жұмысын бағалаған әлемдегі ең ірі БАҚ өкілдері мен атақты фотографтар шақырылып отыр.
Олардың қатарында "Ассошиэйтед Пресс" (США) агенттігі фотоқызмет директорының орынбасары Денис Пакин; Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі (Гонконг) "Агентства Франс Пресс" (AFP) фотодиректоры Младен Антонов; Неміс фотосуреттер қоғамы кеңейтілген кеңесінің мүшесі Петер Битцер (Германия); ТАСС агенттігінің фотоақпарат редакциясының басшысы Григорий Дукор (Ресей); Ресей-швед фотографы, фотосурет профессоры (Каирдегі неміс университеті) Ксения Никольская және ресейлік SALT IMAGES тәуелсіз фотоагенттігінің негізін қалаушы және директоры Анна Зекрия бар.
Қазылар алқасының бірі – Младен Антонов байқауға қатысушылар таңғалдырады деген үмітте.
"Мен алғаш рет Андрей Стенин атындағы байқауда қазылық еткен кезде мүлде басқа кезең еді. Ол кезде еркін саяхаттап, еш кедергісіз бір-бірімізбен кездестік. Ал қазір коронавирус шектеулеріне байланысты бұл процесс түбегейлі басқаша сипатта өтеді. Әйтсе де, осы жолы да таңғажайып әрі тамаша суреттер көремін деп сенемін", - деді ол.
2022 жылы үміткерлер төрт номинация бойынша жүлделі орынға таласады - "Басты жаңалықтар", "Спорт", "Менің ғаламшарым", "Портрет. Біздің заманның қаһарманы". Барлық номинация бойынша қатысушылар "Жеке сурет" және "Топтама" атты екі номинация бойынша әрқайсына бір жұмыстан ұсына алады.
Биылғы байқаудың жүлде қоры әр номинация бойынша бірінші, екінші және үшінші орындар үшін 125, 100 және 75 мың рубльді құрайды. Стенин атындағы байқаудың ең жоғары марапаты – Гран-при иегері 700 мың рубль сыйақы алады.
Байқауға қатысатын жұмыстар 28 ақпанға (қоса алғанда) дейін stenincontest.ru сайтында орыс, ағылшын және қытай тілдерінде қабылданады. Халықаралық қазылар алқасы сәуірде жұмысын бастайды. Ал байқаудың шорт-парағы маусымның ортасында белгілі болады.