Қоғам

Алматыда жүргізуші куәлігін сатып алуға "көмектескен" жігіт ұсталды

Полицияға бірден бірнеше адам шағымданған. Қазір күдікті ұсталды, тергеу жүріп жатыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 26 қаңтар – Sputnik. Алматыда тұрғындарды жүргізуші куәлігін жасап беремін деп алдаған жас жігіт ұсталды.
25 жастағы жігіт бейтаныс адамдардың сеніміне кіріп, оларға көлік жүргізу құжатын рәсімдеуге көмектесемін деп уәде еткен. Содан кейін ақшаны алып, ізін жасырған, деп хабарлайды Polisia.kz.
"Біздің бөлімшеге бірден бірнеше адам жүгінді. Олардың айтуынша, күдікті жүргізуші куәлігін алуға көмектесемін деп уәде еткен. Әр "клиенттен" 150 мың теңге сыйақы алған. Алайда жәбірленушілер құжатты да, ақшаны да қайтарып ала алмады", - деді Наурызбай аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталды. Ер адамның осыған ұқсас бірнеше фактіге қатысы бары анықталды. Полицияның мәліметінше, қазіргі таңда тоғыз эпизод ресми түрде тіркелген. 
Оқи отырыңыз: Жеке куәлік пен жүргізуші құжатын алу қымбаттай түсті
Бұл фактіге сәйкес Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлімі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция жәбірленушілерден мына телефон нөмірлеріне хабарласуды сұрады: 8-707-447-07-50;  8-776-888-38-83.