НҰР-СҰЛТАН, 25 қаңтар – Sputnik. Қаңтар айында республикада коронавирус жұқтыру деңгейі 11 есе өскен. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, республика бойынша соңғы аптада коронавируспен сырқаттанушылық 1,5 есе өсті. Қайтыс болғандар саны пандемия кезінде ең көп науқас пен өлім-жітім тіркелген тамыз айымен салыстырғанда 12,5 есе азайған.
"Қаңтар айының басынан бастап желтоқсанмен салыстырғанда сырқаттанушылық 11 есе өсіп отыр. Науқастар саны Ақтөбе облысында 53 есе, Маңғыстау облысында 34 есе, Атырау облысында 33 есе, Қызылорда облысында 28 есе, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында 25 есе артты. Өлім-жітім барлық өңірде төмен", - деді Ғиният үкімет отырысында.
Министр індеттің күрт өршуі инфекциялық ауруханалардың толуына әсер еткенін атап өтті.
Соңғы айда инфекциялық төсек-орындардың науқастарға толуы 18 пайыздан 38 пайызға дейін, яғни екі есе ұлғайған. Елорда, Ақтөбе, Алматы және Павлодар облыстарында төсек қорының 50 пайыздан астамы пациенттерге толды. Нұр-Сұлтан қаласында реанимациялық төсектердің елу пайыздан астамы толды.
Резервте қосымша төсек-орындар қарастырылған.