НҰР-СҰЛТАН, 25 қаңтар – Sputnik. Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Қазақстанның қысқы Олимпиадада бір медальдан аса алмауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Әрбір Олимпидаға барған сайын біз медаль алудан үміттенеміз. Бір медаль болсын, екі медаль болсын, ол, қалай айтсаңыз да, медаль, спортшылармыздың жетістігі, бүкіл өмірін салған, тер төккен нәтижесі деп айтуға болады", - деді Жарасбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Осы орайда вице-министр тәуелсіздік алғалы бері қазақстандық спортшылардың қысқы Олимпиадада қол жеткізген жетістіктерін еске алды.
"Біз Тәуелсіздік алғалы бері қысқы Олимпиада тарихында 8 медальге ие болғанбыз. Соның төртеуін бір ғана адам алған болатын. Сондықтан, әрине, Олимпиадада қандай деңгейдегі медаль болса да, ол жетістік деп айтуға болады. Жалпы, қысқы спорт түрлерін дамытуға басқаша назар аудару қажет деп есептеймін. Сондықтан біз Олимпиада аяқталғаннан кейін кеңейтілген кеңес өткіземіз. Сол жерде барлық сұрақты қарастырып, қай бағытта жұмыс істейтінмізді анықтаймыз ", - деді Жарасбаев.
Айта кетері, 1994 жылы қазақстандық шаңғышы Владимир Смирнов Лиллехамер қаласында өткен қысқы Олимпиадада үш бірдей медаль (алтын, күміс және қола) жеңіп алған болатын. 1998 жылғы Олимпиада тағы бір қоланы иеленді. Сол кезде конькиші Людмила Прокашев да қоланы қанағат тұтты.
Осыдан кейін екі бірдей Олимпиадада медаль болмады.
2010 жылы Елена Хрусталева биатлоннан қола жеңіп алса, 2014 жылы Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан қоланы иеленді. Ал 2018 жылғы XХIII қысқы Олимпиада ойындарында Юлия Галышева фристайл-могулдан қола жүлдені ұтқан.
Биылғы Бейжің Олимипидасына 34 қазақстандық спортшы аттанады. Оларда спорттың 8 санаты (биатлон, шаңғымен жарыс, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл(могул, акробатика), таушаңғысы спорты, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты) бойынша 87 лицензия бар.
XXIV қысқы Олимпиада ойындары ақпанның 4-і мен 20-ы аралығында Яньцин, Чжанцзякоу және аспан асты елінің астанасы – Бейжің қаласында өтеді. Оған әлемнің 95 елінен 4000-нан астам спортшы қатысады.