НҰР-СҰЛТАН, 24 қаңтар – Sputnik. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының штаты екі есе қысқарады.
"Жаңа ұйымдық құрылым бекітілді. Оған сәйкес, Қор қызметкерлерінің саны екі есе, яғни 248-ден 124-ке дейін, ал басқарушы қызметтер саны 10-нан 5-ке дейін қысқарады. Құрылымдық бөлімдер саны 27-ден 18-ге (33%) қысқартылды, "кеңесші" қызметтері жойылды", - делінген мемлекеттік қор хабарламасында.
Сондай-ақ қордың шетелдегі өкілдіктерін жабу туралы шешім қабылданды.
Бизнес үшін кедергілерді жоюға бағытталған тікелей сатып алудың жаңа тәртібі мен қадағалау, маркетинг және импорттың орнын басу ережелері алдын ала бекітіліп, қаржы министрлігі, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының қарауына жіберілді.
Бір көзден сатып алуға негіз болатын факторлар қысқартылды. Аталған құжаттарды Директорлар кеңесі қабылдаған соң, Қордың корпоративтік орталығы сатып алу әдістемесін дайындау, сатып алуларды қадағалау және бақылау функцияларын атқарады.
"Самұрық-Қазына" қорын реформалау бойынша президент тапсырмаларын орындауды қадағалау жөніндегі құжат портфельдік компанияларға жіберілді. Жауапты қызметкерлер, іске асыру мерзімі мен қадағалау индикаторлары анықталды.
Сонымен қатар, "Самұрық-Қазына" АҚ басқармасының шешімімен 2022 жылдың 24 қаңтарынан бастап "Самұрық-Қазына Инвест" ЖШС бас директоры А.К. Сұлтановтың, "Samruk-Kazyna Construction" АҚ басқарма төрағасы Б.А. Сандықбаевтың, "Самұрық-Қазына Контракт" ЖШС бас директоры А.Ж. Ақыловтың, "Самұрық-Қазына Бизнес Сервис" ЖШС бас директоры С.К. Елшібековтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Басқарма шешімімен үкіметке жолданатын Қорды реформалау бағдарламасын дайындау мерзімі анықталды.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Самұрық-Қазына" қорының тиімділігіне күмән келтірді. Мемлекет басшысының айтуынша, қордың жұмысы ашық жүргізілмейді, сатып алулар жүйесі тиімсіз. Еңбек жанжалдары басылмайды, шығындары көп. Ауқымды жобалар аяғына дейін жеткізілмейді.
Президент Қорға түбегейлі реформа жасауды тапсырды. Тоқаев бұл мәселе бойынша Алмасадам Сәтқалиевпен (қор басшысы) сөйлескенін, егер ол жүктелген міндетті атқара алмаса, өзі де, Қор да бірге кететінін мәлімдеді.