Қоғам

"Менің үйім емес, өртене берсін": алматылық әйел бүлік болған күнді еске алды

Кәмила Айтқалиева Алматыда Назарбаев даңғылы бойындағы үйлердің бірінде тұрады. Қала орталығында жаппай тәртіпсіздік, ойрандау әрекеттері болып жатқан кезде өзі тұратын үйдің жертөлесінде өрт шыққан
Sputnik
АЛМАТЫ, 23 қаңтар – Sputnik. Алматыда 5 қаңтарда наразылықтар тәртіпсіздікке ұласқан кезде Республика алаңы аумағындағы үйдің тұрғындары сыртқа шығуға қорыққан.
Сол кеште тұрғын үйдің астында орналасқан мейрамханалар қиратылып, өртенген. Артынша үйдің жертөлесі отқа оранып, түтіні пәтерлерге жайылған. Осындай үйлердің бірінің тұрғыны Кәмила Айтқалиева Sputnik Қазақстан тілшісіне өртті қалай сөндіргендерін баяндап берді.
Назарбаев даңғылы 220/3 мекенжайындағы үй. Сурет 2022 жылдың 1 қаңтарында түсірілген.
Кәмила 4 қаңтарда әлеуметтік желіден бір топ адамның "Алматы Арена" маңында жиналып жатқанын білген.
"Бір жарым сағаттан кейін олардың Назарбаев – Сәтпаев маңына жақындап келе жатқанын білдім. Балконнан қараған кезде алаңға көп адам жиналыпты, арнайы күштер дыбыс шығаратын граната лақтырды. Олар наразылық білдірушілерді тез ығыстырды, түнгі үш шамасында көшеде ешкім болмады", – деп еске алады ол.
Оның сөзінше, ол 5 қаңтарда түстен кейін жұмыстарымен көшеге шыққан, сол уақытта орталықта тыныш болған. Кәмила құрбысымен кездесуді жоспарлаған, алайда кездесу уақытын нақтыламақ болғанда бір топ адамның қайта жиналып, сол уақытта Төле би – Назарбаев көшесі маңында келе жатқанын біледі.
"Кейіннен айғайлаған дауыстар естідім, терезе жақындап барғанымда жиналған бір топ адамды көрдім. Бұрынғы әскери госпиталь ғимаратына жақын жерде курсанттар – жап-жас жігіттер тұрды. Олардың қолында қару да жоқ, тек каска мен қалқан болды. Наразылыққа шыққан үш адам оларға қарай жүгіріп, қалқаны мен каскасын тартып алды, ал олар Достық даңғылына қарай қашты. Қазір осында арнайы жасақ келеді деген оймен оларға балконнан "үйлеріңе қайтыңдар, бұның не керегі бар сендерге, сендерді де үйлеріңде күтіп отыр" деп айғайлай бастадым. Олардың біреуі маған қарады да, "Аузыңды жап!" деді. Бұл жерде бір нәрсе дұрыс емес екенін түсіндім", - дейді Кәмила.
Содан кейін Кәмила Алматы әкімдігі ғимаратының өртеніп жатқанын көріп, өрт сөндіру қызметіне хабарласқан. Күндіз сағат үш шамасында қалада интернет өшірілді, телефон да жұмыс істемеді.
"Адамдар бірінен соң бірі келіп жатты. Қайта-қайта қарай бермеуге, фото-видеоға түсірмеуге тырыстым. Бір өрт сөндіретін көліктің келгенін көрдім, бірақ оны тоқтатты. Кейін жаңалықтан сол көлікті қиратып тастағанын білдім", - дейді Кәмила.
Наразылыққа шыққандар жасап кеткен баррикадалар.
Кешкі сағат жетіде төменгі қабатта тұратын қыз келіп, үйдің жертөлесі жанып жатқанын айтқан. Кәмила құжаттары мен телефонын алып сыртқа шыққан. Ол уақыттың өзінде аулада 30-ға жуық адам жиналып қалған екен. Ол көршілерінен өрт сөндірушілердің келе алмайтынын естіген. Жағдай ушыға түскен, себебі үйдің бірінші қабатында Leo's мейрамханасы орналасқан, ал тұрғындар ол жерде газ баллоны бар деп уайымдаған.
Ал газ баллоны кез келген сәтте атылуы мүмкін. Содан кейін үй тұрғындары мейрамхана есігін аула жақтан ашуға тырысады. Содан кейін бір тұрғын мейрамхананың көше жақтағы есігіне барып, жиналған бір топ адамнан өрт сөндіру көлігін өткізесіздер ме деп сұраған. Ал олар өткізбейтіндерін айтады.
Тек солардың арасынан үш адам ғана өртті сөндіруге көмектескен. Аула жақтан мейрамхана есігін ашқан кезде екінші қабаттан иілгіш құбырдан су жіберген. Тұрғындардың жартысы шелекпен су тасыған. Арасында сол тұрғын үйдің тазалығына жауап беретін Арлан есімді азамат өз басын қатерге тіккен.
"Біздің аула сыпырушы Арлан өртті сумен емес, өрт сөндіргішпен сөндіру керек екенін айтты. Ол газға қарсы маска тақты, наразылыққа шыққан екі адам оған көмектесті. Олар кезекпен жертөлеге түсіп, өртті сөндірді. Басым бөлігін Арлан өзі сөндірді, арасында тыныстау үшін шықты да, қайтадан сөндіруге кірісті", - дейді Кәмила.
Оның сөзінше, тұрғын үйдің астыңғы қабатында алты мейрамхана бар. Олардың терезесі сынған, наразылық білдірушілер мейрамхана үстелін көшегі шығарып, жолды бөгеген.
"Leo's мейрамханасына жақындап барғанымда ол жерден қолында бір жәшік сыраны көтерген жігіт шықты. "Шелегіңді бер, өртті сөндірмеңдер" деді. Оған қарап "бұл тұрғын үй, мұнда қаншама қарт адам мен балалар тұрады" дедім. Ол мені боқтап, "бұл менің үйім емес, өртене берсін" деп жауап берді. Ашуланып, оны ұрдым. Кейіннен бәрі бұлай істеу қауіпті болғанын айтты. Бірақ сол уақытта мен жағдайға басқаша баға беріппін. Ол кезде қолындағы сыра бәрінен маңызды болды, оны жерге қойса, басқалары бірден алып кететін еді. Сондай-ақ жанымда өртті сөндіруге көмектеске үш ер адам тұрды", - дейді алматылық.
Бүлікшілер осы үйде орналасқан мейрамханының тас-талқанын шығарды.
Өрт кешкі сағат 9 шамасында сөндірілді. Кәмила жиналғандар жертөлені әдейі өртеді деп санамайды. Оның сөзінше, ойрандаушылар мейрамханаға кірген кезде бейнебақылауды өшірген, камераларды сындырған, сол кезде тоқ тұйықталып, өрт шыққан. Кейіннен өрт сөндірушілер келіп қауіпсіздік мақсатында газды өшірген – үйде бір апта газ болмаған.
Әйел сондай-ақ сол жерден курсанттар қашып кеткеннен кейін тұрғын үй маңына өрт сөндірушілер де, полиция да келмегенін айтты. Ойрандаушылар камераларды сындырып, мейрамхана мен дүкендерді тонаған. Нөмірі жоқ көлікте қозғалған.
"Кейбірінде рация болды, олардың әуежайға бара жатқанын естіп қалдым. Қолдарында қару да бар еді. Олар мейрамханаларға кіріп, спирттік ішімдік алды. Оны сол жерде ішті. Осының бәрін өзім көрдім. Біздің үйдің жанында болғандардың арасында бейбіт наразылыққа шыққандардан бөлек, арам пиғылы бар адамдар болды. Ал әкімдік, президент резиденциясы, Тәуелсіздік монументі жаққа қарай бармадым, ол жақта кім болғанын білмеймін", - деп түйіндеді ол.

Қазақстандағы жаппай тәртіпсіздік

Қазақстанда қайғылы оқиғалар 2022 жылдың қаңтарының басында болды Мұның бәрі сұйылтылған газ бағасының екі есе өсуіне қарсы жаппай наразылықтардан басталды. 2 қаңтарда митингілер еліміздің батысындағы Жаңаөзен қаласында өтті, содан кейін оларды Ақтау, Атырау және басқа өңірлерде жалғасты.
Бүлік газ бағасын төмендеткенімен, бейбіт митингілерді содырлар пайдаланды. Ішінде Алматы қаласы ең көп зардап шекті. 5 қаңтарда қарулы адамдар қала орталығын талқандап, қала әкімдігінің ғимараттары мен жақын жерде орналасқан президент резиденциясын өртеп жіберді. Басқа да стратегиялық нысандарға шабуыл жасалды.
Сондай-ақ Талдықорған, Шымкент, Қызылорда және Тараз қалалары зардап шекті.
Қазақстан билігі бүкіл ел бойынша төтенше жағдай режимін енгізіп, терроризмге қарсы операция бастады.
Соңғы мәліметтер бойынша, 227 қазақстандық тәртіпсіздік құрбаны болды, оның ішінде 19 әскери қызметші бар. Алматыда 149 азамат, оның ішінде 11 құқық қорғау қызметкері қаза тапты.