НҰР-СҰЛТАН, 21 қаңтар – Sputnik. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен бизнесмендер салық төлемдерін кейінге шегере алады. Бұл туралы қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті әдіснама департаментінің директоры Әлия Жетібаева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Үкіметтік комиссияда, "Атамекен" палатасы мен әкімдіктерде зардап шеккен кәсіпкерлердің тізімі бар. Сол тізімдегілер салық төлемдерін шегергісі келсе, тиісті өтініш жаза алады", - деді Жетібаева орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ барлық микро және шағын бизнес 2023 жылға дейін салықтан босатылғанын еске салды.
Бұдан бөлек, шағын және орта бизнеске шығынды өтеуге берілген қаражатқа салық салынбайды. Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов мәлімдеді.
Айтуынша, қазір бұл мәселемен Ұлттық экономика министрлігі айналысып жатыр.
"Қазір бизнесті қолдауға бағытталған түзетулер әзірленуде. Олар шығынды өтеуге бөлінетін қаржыға салық салуды болдырмайды", - деді Миятов.