Қаңтар оқиғасы

Ұшақта 10 сағат отырған әйел бүлікшілер әуежайды басып алған кезді еске алды

Алматылық әйел Sputnik Қазақстан тілшісіне әуежайды ойрандаушылар басып алған кезде ұшақ ішінде басқа жолаушылармен бірге уақытты қалай өткізгенін айтып берді
Sputnik
АЛМАТЫ, 20 қаңтар – Sputnik. Алматы тұрғыны Әлия Айжолова 5 қаңтарда бүлікшілер әуежайды басып алған кезде ұлымен бірге ұшақ ішінде болған. Олар сол күні кешке Мәскеуге Air Astana рейсімен ұшуға тиіс еді. Алайда олардың бұл жоспары бір сәтте өзгерді. Олар өздері секілді жүздеген адаммен бірге ұшақ ішінде жағдайдың тұрақталуын күтті.
Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында Әлия қалада болып жатқан тәртіпсіздіктерді көріп-бөліп отырғаннан кейін, әуежайға ертерек барғанын айтты. Шамамен сағат үш кезінде олар әуежайға келген, сол уақытта әуежай аумағына кіретін жол жабылып, шлагбаумда сарбаздар мінген әскери жүк көліктері тұрған.
"Біз әуежайға жеткенде оның аумағы жабық болды. Барлық көлік бір көше жетпей бұрылып жатты. Шлагбаумға дейін жаяу бардық, ал ол жерде төрт әскери автокөлік тұрды", - дейді алматылық.
Әйел ойраншылар әуежайды басып алған кезде бұл сарбаздар қайда болды деген ойындағы сұрағын да жасырмады.
Тіркеуден өткеннен кейін жолаушылар отырғызуды күткен. Алайда рейстер кешіктірілген. Әлия ешқандай ақпарат айтылмағандықтан алаңдаушылық болғанын айтты, ал әуежай қызметкерлері рейстер интернет болмағандықтан кешіктіріліп жатқанын жеткізген.
Шамамен 19:30 шамасында алдымен Бішкекке, содан кейін Мәскеуге ұшатын ұшаққа отырғызу басталғанын хабарлаған. Содан кейін ұшақтар Киев пен Тбилисиге ұшуы қажет болған.
"Ұшаққа отырып жатқан кезде ойрандаушылардың әуежайға келгенін естідік. Бірнеше минут ішінде барлығын отырғызды. Осыншама көп адамды тез арада отырғызғанына таңғалдым. Орнымызға жайғасқан кезде бортсеріктер терезені жабуды сұрады. Бұл да таңғалдырды, себебі әдетте олар терезені жаппауды сұрайды. Содан кейін жарықты сөндіріп, ұшақ орнынан қозғалды. Алайда бізге дәл қазір ұшу мүмкін емес екенін түсіндірді, себебі диспетчер бөлімімен байланыс үзілген", - дейді ол.
Әлия ұшақ ішінде барлығы тыныш болғанын айтты. Адамдар бір-біріне қамқорлық танытқан.
"Менің жанымда отырған Ресей азаматы қатты қобалжыды. Ол қалада тәртіпсіздік басталғанын ести сала еліне қайту үшін билет сатып алған екен. Ол Ресей елшілігімен байланысқа шықты, сол арқылы Ұлттық гвардияның әуежайды құтқаруға келе жатқанын білдік. Мен ұлыма ұшақ ішінде бір адам жағымсыз эмоция көрсетсе, ол барлығына тез тарайтынын түсіндірдім. Сол себепті сабыр сақтау қажет екенін айттым. Барлығы мұны сезгендей болды, әркім әртүрлі тақырыпты қозғады. Жолаушыларға аудио мен видео қолжетімді болды. Сол уақытта бортсеріктер формасын ауыстырып, әдеттегі киіммен тамақ әкелді. Жолаушылар да барлығына жету үшін ашкөздікке салынбады. Дәретханада тазалық сақтады. Түнгі екіге жуық интернет қосылды, ол кезде де адамдар бір-біріне желіге қосылуға көмектесті", - дейді ол.
Әлия ұшқыш шешімінің арқасында аман қалдық деп санайды. Ол бортсеріктерден ұшқыштың тәртіпсіздіктер басталғанын көріп, жүк тиеуді тоқтатып, ұшақты әуежайдан алыстау жерге дейін апарғанын естіген.
"Ұшқыш ресми хабарландыру жасап тұрды. Ол қазір диспетчермен байланыс болмағандықтан ұша алмайтынымызды айтты. Түнде интернет қосылған кезде ол жолаушылардан әлеуметтік желіге фото жарияламауды сұраған, бұл ұшаққа көпшілік назарын түсіретінін ескерткен. Содан кейін таңғы 6-да әуежайдың босатылғанын хабарлады", - дейді алматылық.
Оның сөзінше, түнгі сағат 3 шамасында ұшақтағыларға хабарландыру жасап, әуежайды ойрандаушылардан тазарту жұмыстары басталғанын, азаматтар өз қалауы бойынша ұшақтан шыға алатынын айтқан. Содан кейін тек екі адам ғана ұшақтан шығып, қалған азаматтар ұшақта неғұрлым қауіпсіз екенін түсінген. Қалған жолаушылар ұшақтан таңғы 8-ге қарай шыққан. Оларды автобуспен қалаға жеткізген. Ал Әлия жүк сөмкесін әуежай іске қосылған күні – 13 қаңтарда алып кеткен.
Айта кетері, бүлікшілер Алматы әуежайын басып алған 5 қаңтардан кейін барық бағыт бойынша рейстер тоқтатылды. Әуежайды билік бақылауына қайтару үшін ойрандаушылармен қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері ұрысқа шықты. Содан кейін ҰҚШҰ бітімгерлері Қазақстанның құқық қорғау органдарымен бірлесіп Алматы әуежайын толық бақылауға алды.
Алматы әуежайы 13 қаңтарда қайта ашылды. 13 қаңтардан бастап ішкі және халықаралық рейстер сағат 8.00-ден 21.00-ге дейін жүзеге асырылды. 19 қаңтарда Алматы әуежайы штаттық режимде жұмыс істей бастады.
Қазақстанда жаппай наразылық 2022 жылдың басында басталды. Елдің батысында қала тұрғындары сұйытылған газ бағасының екі есе өсуіне қарсы шықты, бұл наразылықтар елдің басқа өңірлерінде де жалғасты.
Алматыда 4 және 5 қаңтарда наразылықтар қақтығысқа жалғасты. 19 қаңтарға дейін Қазақстанның барлық аумағында төтенше жағдай режимі енгізілді. Қазір бірнеше өңірде терроризмге қарсы операция жалғасып жатыр.