НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Алматы облысында жол апатынан бір адам көз жұмып, төртеуі жарақаттанды, деп хабарлады Polisia.kz.
18 қаңтарда Алматы – Өскемен республикалық маңызы бар автожолдың 174-шақырымында Toyota Land Cruiser Prado автокөлігін жүргізіп келе жатқан әйел рөлге ие бола алмай, жол апатын жасағаны бергені анықталды. Салдарынан жол талғамайтын көлік аударылып, салондағы, бір адам көз жұмып, бірнешеуі жарақаттанған.
"Аталған дерек бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 345-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс бойынша тиісті бірқатар сараптама тағайындалды. Көлік апаты кезінде 62 жастағы жолаушы қайтыс болып, 37 жастағы жүргізуші әйел мен үш жолаушы әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді", – деді Кербұлақ АПБ бастығы Ербол Ахметқалиев.
Полиция таратқан ақпарат бойынша, көлік арнайы тұраққа қойылған. Тергеу амалдары аяқталған соң, іс материалдары сот органдарының қарауына жолданады.
Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында жол апатынан сегіз адам көз жұмды