Білім

Депутаттар мектептерді карантинге жабуға қарсы шықты

Бүгінде ата-аналар 1-6 сынып оқушыларын үйде жалғыз қалдырып кете алмайды. Ал полицейлер, дәрігерлер, өрт сөндірушілер, көлік жүргізушілері, сатушылар және тағы басқа маман иелері жұмысқа шығуға тиіс
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 19 қаңтар – Sputnik. Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракциясы республикалық маңызы бар үш қаланың мектептерін карантинге жабуға қарсылық білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Фракция өкілдері премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдап, денсаулық министрлігінің шешіміне түсініктеме беруді талап етті.
"Мектептердің үздіксіз жұмысы балалардың білімі, әлеуметтік өмірі мен психологиялық денсаулығына үшін аса қажет. Мектептер ең соңғы кезекте жабылып, ең бірінші болып ашылуы шарт. Бұл білім және ғылым министрлігінің мәлімдемесі емес. Ол – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2022 жылы 11 қаңтарда жасаған мәлімдемесі. Ал білім және ғылым министрлігі денсаулық сақтау министрлігінің жеке пікірін қолдап, үкіметтің нұсқауымен үш ірі қаламыз – Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкенттегі барлық мектепті жауып тастаған. Кезекшілік топтарды да қалдырмады!", - деді депутат Ирина Смирнова мәжілістің жалпы отырысында.
Ал басқа аймақтарда мектептерге жұмыс істеуге рұқсат берілді. Бірқатар шектеулермен балабақшалар мен қосымша білім беру орталықтары да ашылды.
"Пойыздар мен ұшақтар адамға лық толы. Сонда мектептер ғана инфекцияны тарататын қауіпті орындары болып отыр. Бұған дейін эпидемия жағдайында мектептердің жұмыс жасау алгоритмі сәтті сынақтан өтті ғой. Ол қайда кетті? Ерікті тест тапсыру және оң нәтиже шыққан жағдайда тиісті шаралар (мектепті онлайн форматқа ауыстыру) атқарылатын еді", - деп атап көрсетті Смирнова.
Осы орайда депутат маңызды бір мәселеге назар аударды. Бүгінде ата-аналар 1-6 сынып оқушыларын үйде жалғыз қалдырып кете алмайды. Ал полицейлер, дәрігерлер, өрт сөндірушілер, көлік жүргізушілері, сатушылар және тағы басқа маман иелері жұмысқа шығуға тиіс.
Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракциясы үш қаладағы мектептердің бәрін жабудың нақты себебін және осы шешім қандай көрсеткіштерге негізделгенін түсіндіріп беруді талап етті. Депутаттық сауалға И.Смирнова, Ж. Ахметбеков, Ф. Қаменов, Г. Құлахметов, А. Милютин, А. Паяев, С. Решетников, А.Сқакова, Е. Смайылов пен А. Қоңыров қол қойды.