НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Қазақстан ревакцинация үшін Pfizer вакцинасын қосымша сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол халықтың барлық тобы вакцинация курсынан кейін алты айдан соң ревакцинация жасайтынын атап өтті. Айтуынша, бірінші жартыжылдықта 8 миллионға жуық адам қайта вакцинациялауға жатады.
"Қазіргі уақытта халықтың барлық тобын ревакцинациялау Sinopharm және QazVac вакциналарымен жүргізіліп жатыр. 60 жастан асқан егде адамдар, жүкті әйелдер, жас аналар, медицина қызметкерлері үшін Pfizer қолданылуда. Министрлік ревакцинация үшін QazVac, Sinopharm және Pfizer вакциналарын қосымша сатып алуды жоспарлап отыр", - деді Ғиният үкімет отырысында.
Сондай-ақ қаңтар айының соңына дейін "Спутник Лайт" вакцинасының 150 000 дозасы жеткізіледі.