Қоғам

Қаза тапқан полицейлердің отбасына қанша өтемақы төленеді

Ерлікпен қаза тапқан құқыққорғаушылар II және III дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. Олардың отбасына жан-жақты көмек көрсетілді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған полицейлердің отбасына қандай қолдау көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр қаңтарда террористер қолынан полицейлер мен Ұлттық ұланның 8 қызметкері қаза тапқанын, ал 2911-і жарақат алғанын мәлімдеді.
Ерлікпен қаза тапқан құқыққорғаушылар II және III дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. Олардың отбасына жан-жақты көмек көрсетілді.
"Одан бөлек, заң бойынша қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасына 5 жылға ақшалай өтемақы, жерлеу үшін 3 айлық өтемақы төленеді", - деді Тұрғымбаев үкімет отырысында.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев тәртіпсіздіктер кезінде қаза болған полицейлер мен әскерилердің отбасы баспанамен қамтамасыз етілетінін мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі міндеттерін өтеу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің, құқыққорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің балаларына университетте оқу үшін білім грантын беру ұсынылды.