НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Нұр-Сұлтан мен Алматы тұрғындары басқа өңірлерге қарағанда азық-түлік бағасына жиі шағымданады. Бұл туралы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол тұтыну тауарлары мен қызметтердің бағасын көтеру фактілерін жедел анықтау және жолын кесу мақсатында хабарлама қабылдау үшін қауырт желі құрылғанын еске салды. Бүгінде агенттіктің сенім телефонына 2000-нан астам өтініш келіп түскен.
"Қоңыраулардың 50%-і – Алматы қаласының тұрғындарынан, 30%-і – елордамыздан, 20%-і басқа өңірлерден келді. Хабарламалардың 70%-ті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының шарықтауына қатысты", - деді Жұманғарин үкімет отырысында.
Айтуынша, көп жағдайда тауар бағасын бөлшек сауда субъектілері, яғни үй маңындағы дүкендер көтереді. Бұл дүкендер көбіне 15%-тік сауда үстемесін сақтамайды.
Осыған байланысты, Жұманғариннің айтуынша, монополияға қарсы орган келіп түскен шағымдар бойынша өз құзыреті аясында шаралар қабылдады. Үйдің жанындағы дүкендерде бағаның өсуіне қатысты шағымдар жергілікті атқарушы органдарға жолданады. Басқа шағымдар құзыреті бойынша уәкілетті органдарға жолданады.
Агенттік төрағасы "Сауда қызметін реттеу туралы" заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдар тарапынан саудаға бақылау-қадағалау функцияларын күшейту қажет деп санайды.