НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Алматы қаласының тұрғыны Жандос Құрманбаев 5 қаңтардағы жағдайды балконнан телефонға түсіріп алды. Дәл сол кезде бір топ жас жігіт әскерилер мен полицейлерді асқан қатыгездікпен соққыға жыққан. Соның бәрі видеоға түсіп қалды.
5 қаңтарда сағат 14:40-тың кезінде Жандос тұратын көпқабатты үйдің жанынан Ұлттық ұлан мен арнайы жасақтың сарбаздары өткен. Бірнеше қызметкер артта қалып қойды. Сол кезде оларды таяқ пен қалқан ұстаған жігіттер ұстап алып, аяусыз соққыға жыққан. Полицейлерді қорғап жатқандар да болды.
"Ұлттық ұлан мен арнайы жасақтың артынан шамамен 15 мың адам өтті. Олардың ішінде таяқ пен арматура ұстағандар аз болған жоқ. Әскерилерден каска мен қалқанды да тартып алды. "Митингке шыққандардың" арасында таяқ және битамен қаруланған 3 000 мыңдай адам болған сияқты. Басым бөлігі – 17-25 жастағы жігіттер. Дүкен витриналары дәл сол таяқтармен қиратылды", - деп жазды Құрманбаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ұлттық ұлан мен арнайы жасақтың үш сарбазы артта қалып қойған. Таяқ ұстаған жігіттер оларды ұстап алып, асқан қатыгездікпен соққыға жыққан. Көбісі капюшон мен бетперде киіп алған көрінеді. Біреуі тәртіп сақшысының каскасын шешіп, оны бастан ұрған. Сарбаз есінен танып қалған. Бір топ жігіт басқасын таяқпен ұрған. Үшіншісін ұстап тұрып, тепкілей берген.
"Битамен бастан ұрды. Артынан 5-7 адам тағы келіп, есінен танып жатқан сарбазды бастан тепкен. Арнайы жасақтың сарбазы тәлтіректеп келеді, бірақ оны жолды тағы ұстап, соққыға жыққан", - дейді Құрманбаев.
Алматылық видеоның толық нұсқасын Facebook желісіне не үшін салғанын да жазды. Ол қандықол бүлікшілерді тауып, сотқа беру керек деп отыр. Себебі ондай адамдар митингке халықтың өмірін жақсарту үшін шыққан жоқ.