"2022 жыл халқымыз үшін күрделі де қатерлі сынақтан басталды. Баршаңызға мәлім, ұйымдасқан экстремистік топтар елімізде жаппай тәртіпсіздік орнатып, террористік шабуыл жасады. Соның салдарынан бейбіт тұрғындарымыз зардап шекті. Қасіретті оқиға кезінде қаза болғандардың жақындары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын", - деді Назарбаев өз үндеуінде.
Ол лаңкестер елдігіміз бен егемендігімізге, тыныштығымыз бен тұтастығымызға қауіп төндіріп, жұрттың берекесін қашырғанын атап өтті.
Айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шұғыл шешімдерінің арқасында ел іргесі сөгілген жоқ.
"Мемлекет басшысын қолдау – баршамыздың азаматтық борышымыз. Ендігі кезекте осы оқиғадан сабақ алып, мұндай бассыздыққа жол бермеуге тиіспіз. Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде атқарған істеріміз аз емес. Қазақстан әлемге танылған еңселі елге айналды. Ұлан-ғайыр шекарамыз түбегейлі бекітілді. Елімізде іргелі реформалар жүзеге асып, Орталық Азияда көш бастадық. Еуразия жүрегінде, Сарыарқа төсінде жаңа астанамыз бой көтерді. Бірлік барда ешбір жау сағымызды сындыра алмас", - деді ол.
Елбасы қазіргі таңда Қазақстан астанасында екенін мәлімдеді.
"Менің атыма түсіп жатқан көптеген хаттар мен БАҚ-тағы хабарламаларға байланысты жауап бере отырып, мынаны мәлімдеймін: 2019 жылы мен өкілеттігімді президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырдым. Содан бері зейнеткермін. Қазіргі таңда Қазақстан астанасында құрметті еңбек демалысындамын және ешқайда кеткен жоқпын", - деді ол.
Ол барлық билік президент Тоқаевтың қолында екенін атап өтті. Сонымен қатар Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы екенін растады.
"Таяуда президент Nur Otan партиясының төрағалығына сайланады. Сол себепті ел элитасында ешқандай жанжал немесе текетірес жүріп жатқан жоқ. Бұл тақырыптағы қауесеттер мүлде негізсіз", - деп сендірді Назарбаев.
"Елдегі тұрақтылық пен тыныштық әрқашан менің мақсатым болды. Бұл құндылықтарды бәріміз сақтауымыз керек. Біз міндетті түрде дағдарыстан өтіп, мықты бола түсеміз. Президент халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған реформалардың жаңа бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарламаны қолдау қажет", - деді ол.
Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға денсаулық тілеп, мемлекет басшысы қызметінде болғанда жүргізген реформалар мен жаңғырту бағдарына қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтты.