НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшылығынан кеткен Нұрсұлтан Назарбаевты жата жамандау елдігімізге, азаматтығымызға сын, деп мәлімдеді "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бейнеконференция режимінде өңірлік филиалдармен өткен кездесуде.
Кездесу барысында Бауыржан Байбек тұңғыш президенттің ел тарихындағы рөліне арнайы тоқталып, әлеуметтік желілерде партия атына айтылып жатқан сындарға да жауап берді.
"Осындай қиын-қыстау кезде партия жұмысынан мін іздеп, "парламент таратылсын, партия таратылсын" деген мағынада әңгіме таратып жүргендер бар. Мұны айтушылар "Nur Otan" партиясы мемлекеттіліктің, елдіктің негізгі қоғамдық-саяси тірегінің бірі екенін мүлдем түсінбейтіндер", - деді ол.
Оның айтуынша, "Nur Otan" партиясы құрылғалы бері Қазақстан мемлекеттілігін сақтау үшін, қоғам бірлігін бекем ету үшін жұмыс істеп келеді.
Байбек қазір тұңғыш президент туралы да небір пікір айтушылар көбейгенін де атап өтті. Тарих безбеніне салсақ, кез келген оқиғаның, не тұлғаның өткендегі рөліне бірыңғай оң не болмаса тек қана теріс деп баға беруге болмайды.
"Өткенге баға беру әркімнің қолынан келеді, бірақ ақиқат пен жалғанды ажырату әркімнің өз ар-ұятына байланысты. Ең қиын кезеңде, яғни біз мемлекет боламыз ба, болмаймыз ба деген сонау алмағайып 90-шы жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болып қалыптасты, етек-жеңін жиды", - деді ол.
Ол Елбасы мен сол кездегі аға ұрпақтың 30 жыл бойы мемлекеттіліктің іргесін бекітіп, шекарасын шегендеп, территориясының тұтастығын сақтауға сіңірген ерен еңбегі ұлт тарихында өзінің оң бағасын алары сөзсіз екенін атап өтті.
"Ал, осы жылдары кетеуі кеткен дүниені тезірек түзеуіміз керек. Ол – сөзсіз. Президент жариялаған реформалардың да мәні осы. Бірақ мемлекет басшылығынан кеткен Нұрсұлтан Назарбаевты жата жамандау елдігімізге, азаматтығымызға сын", – деді ол.