НҰР-СҰЛТАН, 17 қаңтар – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы вакцина салдырған мектеп оқушыларының санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Білім беру нысандарын бақылау және қадағалау басқармасының басшысы Марал Рахымжанованың айтуынша, осы уақытқа дейін 12-17 жастағы 353,5 оқушыға коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компоненті салынды. Бұл – вакциналауға жататын балалардың 27,7 проценті.
"Ал 182,2 мың оқушы, яғни, 14 проценті вакцинаның екі дозасын салдырды. Балаларға екпе салдыру жағынан Түркістан облысы (I компонентпен - 90 процент) және Шығыс Қазақстан облысы (I компонентпен - 82 процент) көш бастап тұр", - деді Рақымжанова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, оқушылар арасында омикрон штамын жұқтыру жағдайы тіркелмеген.
Айта кетері, 2021 жылы қараша айында балаларға екпе салу шаралары басталды. Ол үшін шетелден коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасы сатып алынды.
Осы орайда басқарма басшысы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында мектеп оқушыларына вакцина егу науқанына тоқталды. Ресми мәліметке сәйкес, астанада 62,5 мың оқушы екпе салу жасына жеткен. Осы уақытқа дейін 9,1 (14,6 процент) балаға бірінші компонент салынды. Ал екі бірдей дозаны алғандардың саны 7,3 мыңға (11,8 процент) жетті.
Алматы қаласында 130,6 мың оқушының ішінен бірінші компонентті 24,7 мың (23,9 процент), ал екінші дозаны 16,9 мың (16,4 процент) бала салдырды.