НҰР-СҰЛТАН, 17 қаңтар — Sputnik. Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты қылмыстық іс астаналық сотқа түсті. Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, іс әлі өндіріске қабылданған жоқ.
"Қылмыстық-процестік кодекс нормаларына сәйкес, судья келіп түскен іс бойынша бес тәулік ішінде жалпы немесе қысқартылған тәртіппен басты сот талқылауын тағайындау туралы не істі алдын ала тыңдауды жүргізу туралы шешім қабылдайды", – делінген соттың баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Іске қатысты өзге мәлімет кейін хабарланатыны айтылды.
Бұған дейін сот Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін 14 қаңтарға дейін ұзартқан болатын. Ол кезде экс-министр іс материалдарымен тезірек танысуы үшін судьядан үйқамақтан босатуын сұраған еді. Біртанов үйқамақта болғандықтан, өзі және адвокаттары жұмыс күндері материалдарды фотоға түсіретінін алға тартты. Ол 13 қаңтарда қаржы мониторингі агенттігі тарапынан тергеу жүргізу кезінде заң өрескел бұзылғаны туралы шағымы мен Бас прокуратураға өтініші қаралмағанын, бірақ айыптау актісі бекітілгенін мәлімдеді. Экс-министрдің адвокаты Бас прокурорға жүгінді.
Біртановтың ісі
Елжан Біртанов 2020 жылдың 7 қарашасынан бастап үйқамақта. Ол бастапқыда бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікке ілінді, кейін бап "қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану" деп өзгертілді.
Сот отырыстарында Біртанов жемқорлыққа қатысы жоқ екенін бірнеше рет мәлімдеді. Бұрынғы министр лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланғанын да мойындамады.