АЛМАТЫ, 17 қаңтар – Sputnik. Алматы қалалық соты төтенше жағдайды бұзғандарға қатысты қолданылатын жазаны жеңілдетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қалалық сот баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазірге дейін Алматыда төтенше жағдай режимін бұзуға байланысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы 71 материал қаралды.
"Бірінші сатыдағы сот тәртіпбұзушыларға айыппұл салды. Апелляциялық инстанция материалдарды қарап, аталған тұлғалардың барлығы өз кінәсін мойындағанын және бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын, өкініш білдіргенін анықтады. Бұл олардың кінәсін жеңілдетті", - делінген қалалық сот таратқан ақпаратта.
Соған байланысты сот заңбұзушылардың барлығына жазаны тек ескерту түрінде қалдырды.
Айта кетері, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қаңтарда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау мақсатында қалада төтенше жағдай жариялаған болатын. Сағат 23:00-ден 7:00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді.