Қаңтар оқиғасы

Жаппай тәртіпсіздікке студенттер қатысты ма – министрлік жауап берді

Қазақстанның 120 жоғары оқу орнында 620 мыңнан астам студент оқиды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 17 қаңтар – Sputnik. Білім және ғылым министрлігіне жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұсталған студенттер туралы ақпарат түскен жоқ.
Бұл туралы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бізде ұсталған студенттер туралы ресми ақпарат жоқ. Ол кезде көбі каникулда болған. Шамамен, 5-6 мың адам жоғары оқу орындарының жатақханасында қалды. Олардың басым бөлігі - шетелдіктер", - деді Тойбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Айта кетері, Қазақстанның 120 жоғары оқу орнында 620 мыңнан астам студент оқиды. Биыл төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты олардың қысқы демалысы 24 қаңтарға дейін ұзартылды.
Көктемгі семестр каскадтық әдіспен басталады. Бұл дегеніміз, алдымен I курс студенттері оқуға кіріседі. Бір аптадан кейін II курстар, ал араға тағы бір жеті салып, II-IV курс студенттері университетке барады.

Оқи отырыңыз: