Қоғам

Тимур Құлыбаев "Атамекен" ҰКП басшысы қызметінен кетті

Тимур Құлыбаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумы төрағасы қызметінен кетті
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 17 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда танымал бизнесмен, Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшылығынан кететінін мәлімдеді. Оның үндеуі палатаның сайтында жарияланды.
"Бүгіннен бастап мен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының сайланған төрағасы өкілеттігін доғаруды ұйғардым. Съезд делегаттары мен төралқа мүшелеріне маған сенім білдіргені үшін алғыс айтамын. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары бақылау органын сегіз жыл бойы басқару мен үшін үлкен құрмет пен жауапкершілік болды", -деді Құлыбаев үндеуінде.
Ол "Атамекен" ұжымына бірлескен нәтижелі жұмыс үшін айрықша ризашылығын білдірді.
Оқи отырыңыз: Forbes қазақстандық миллиардерлердің шығынын есептеді
Тимур Құлыбаев – қазақстандық бизнесмен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динараның күйеуі. Ерлі-зайыпты үш бала тәрбиелеп отыр.
Айта кетері, Құлыбаев Қазақстанның ұлттық олимпиада комитетін де басқарады.
Бұған дейін Қайрат Шәріпбаев "QazaqGaz" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы, ал Димаш Досанов "ҚазТрансОйл" АҚ бас директоры қызметінен босатылғаны хабарланды.
58 жастағы Қайрат Шәріпбаевтың аты Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның есімімен жиі қатар аталады. Ал Димаш Досанов Назарбаевтың кенже қызы – Әлияның күйеуі.