Қоғам

"Атамекен" ҰКП Құлыбаевтың қызметінен кетуіне байланысты мәлімдеме жасады

Ұлттық палатаның заң нормаларына сәйкес құрылған барлық басқару органдары штаттық режимде жұмыс істейді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 17 қаңтар – Sputnik. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы Тимур Құлыбаевтың қызметінен кетуіне байланысты мәлімдеме жасады.
ҰКП мәліметінше, Тимур Құлыбаевтың "Атамекен" төралқа төрағасы қызметіндегі өкілеттігі өз еркімен тоқтатылды.
"Тимур Асқарұлының жеке шешіміне құрметпен қараймыз және бірнеше жыл бірге атқарған жұмыс үшін алғыс білдіреміз. Тимур Құлыбаев Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылған кезден бастап бірге болды және палатаның бизнес пен биліктің сындарлы диалог алаңы ретінде қалыптасуына үлкен үлес қосты", - делінген хабарламада.
Ұлттық палатаның заң нормаларына сәйкес құрылған барлық басқару органдары штаттық режимде жұмыс істейді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкімет Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, тәртіпсіздіктерден зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу бойынша жұмысты бастады. 
ҰКП хабарлауынша, төралқа төрағасын съезд сайлайды. Төралқаның кезекті отырысында оның мүшелері төраға міндетін уақытша атқарушының кандидатурасын айқындайды.
"Біз "Атамекен" ҰКП сайлау жүйесін нығайту жұмысын жалғастырамыз. 2020 жылы өңірлік кеңестерде сайлау өткізілді. Жақын арада ҰКП басқармасы бизнес-қоғамдастықтың талқылауына бұрыннан келе жатқан мәселе – төралқа жанындағы салалық комитеттерінің мүшелерін тиісті салалардың кәсіпкерлері етіп сайлау тәртібін шығарады", - деді басқармадағылар.
Нәтижесінде 2022 жылдың күзінде кезекті съезге қарай съезд және төралқаның жаңа делегаттар құрамы жаңарады.
Басқарудың жоғарғы органы ретінде съезд өз уәкілеттігі аясында төралқа төрағасы мен құрамы, сондай-ақ басқарма құрамына қатысты шешімін шығарады.
Естеріңізге сала кетейік, 17 қаңтарда Қазақстанда танымал бизнесмен, Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшылығынан кететінін мәлімдеді