АЛМАТЫ, 15 қаңтар – Sputnik. Сауда және интеграция министрлігі жанынан сауда комитеті құрылды. Жаңа комитеттің төрағасы болып Ержан Қазанбаев тағайындалды, деп хабарлады премьер-министрдің сайты.
Сауда комитетінің міндетіне ішкі сауданы дамыту және реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру кіреді.
Комитет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағасының шекті мәнін және оларға шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағасын белгілеу тәртібін әзірлейді. Сондай-ақ бөлшек сауда бағасының шекті мәнін анықтау мақсатында макроэкономикалық талдау жүргізеді.
Комитеттің міндеттеріне тауар бағасының мониторингін жүргізу де кіреді.
Тауарлардың экспорты мен импортын лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестігін растайтын құжаттардың тізбесін, лицензияны және лицензияға қосымшаны алуға және қайта ресімдеуге арналған өтініштерді әзірлейді.
Сонымен қатар комитет тауар биржаларының қызметін, республикалық және халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелер өткізуді мемлекеттік реттеу функциясын атқарады.
Комитет басшысы туралы не білеміз
Ержан Қазанбаев 1983 жылы 28 ақпанда Алматыда дүниеге келген.
Алматы технологиялық университетін және Абердин университетін (Ұлыбритания) бітірген.
Еңбек жолын 2008 жылы "Экспресс Банк " АҚ комплаенс-бақылаушы болып бастады.
2010-2012 жылдары Қазақстан Республикасы экономикалық даму және сауда министрлігі инвестициялық саясат департаментінің сарапшысы болды.
Әр жылдары экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, ұлттық экономика министрлігінде қызмет атқарды.
2020 жылдан бастап – Қазақстан Республикасы сауда және интеграция вице-министрі.