Қаңтар оқиғасы

Жаппай тәртіпсіздік кезінде денсаулық сақтау нысандарына 20 шабуыл жасалды

Республикада болған бүлік кезінде жеті медицина қызметкері зардап  шеккен
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 15 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде денсаулық сақтау нысандарына 20 шабуыл жасалды, деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрлігі.
"Жаппай тәртіпсіздіктер барысында денсаулық сақтау нысандарына 20 шабуыл жасалды - бес ауруханаға, бір емханаға және Алматы қаласында 14 дәріханаға. Жеті медицина қызметкері зардап шекті. Бесеуі Алматыда, біреуі Шымкент қаласында, біреуі Алматы облысында", - деді денсаулық сақтау министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Әсел Артакшинова.
Айтуынша, 45 жедел жәрдем көлігі зақымданған.
Алматы қаласының үш медициналық клиникасы – бірінші, жетінші және он екінші аурухана шамамен үш тәулік бойы террористердің қоршауында болған.
"Бұл ретте қызметкерлер ауысымсыз бірнеше тәулік бойы жұмыс істеді. Науқастарға тамақ жеткізілмеді, оларға дәрігерлер дайындады", - деді ол.