Қоғам

Шәріпбаев пен Досанов ұлттық компаниялардағы басшы қызметінен кетті

Қайрат Шәріпбаев "QazaqGaz", Димаш Досанов "ҚазТрансОйлды" басқарған
Sputnik
АЛМАТЫ, 15 қаңтар – Sputnik. Қайрат Шәріпбаев "QazaqGaz" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы қызметінен босатылды, деп хабарлады "Самұрық-Қазына" холдингінің баспасөз қызметі.
"QazaqGaz" ұлттық компаниясы" АҚ директорлар кеңесінің 2022 жылдың 14 қаңтарындағы шешіміне сәйкес, Қайрат Шәріпбаевтың арызы негізінде оның "QazaqGaz" ұлттық компаниясы" АҚ басқарма төрағасы ретіндегі өкілеттігі тоқтатылды" , - делінген ақпаратта.
58 жастағы Қайрат Шәріпбаев аты Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның есімімен жиі қатар аталады. Ол "QazaqGaz" ("ҚазТрансГаз") компаниясын 2020 жылдың қарашасынан бастап басқарды. Оған дейін "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасының газ тасымалдау және маркетингі жөніндегі орынбасары болған.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы – Әлияның күйеуі Димаш Досанов та қызметінен кетті.
Димаш Досанов
"ҚазТрансОйл" АҚ директорлар кеңесінің 2022 жылдың 14 қаңтарындағы шешіміне сәйкес, Димаш Досановтың арызы негізінде оның "ҚазТрансОйл" АҚ бас директоры (басқарма төрағасы) ретіндегі өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды", - делінген ақпаратта.
40 жастағы Димаш Досанов "ҚазТрансОйлды" 2016 жылдан бері басқарып келді, бұған дейін "Қазақстан-Қытай құбыры" ЖШС бас директоры болған.
Әлия Назарбаевамен бірге ұл мен қыз тәрбиелеп отыр. Әлияның оның алдындағы некеден екі баласы бар.