Экономика

Үкімет екі ірі нысанды сатуға қатысты заңды кері қайтарды

Мәжіліс депутаты Сергей Решетников Өскемен және Шүлбі су электр станцияларының жекешелендіруге қатысты үкімет жоспарына наразылық білдірген
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар – Sputnik. Үкімет Біріккен Араб Әмірліктерімен басым салаларда ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік декларациясын ратификациялау туралы заңды кері қайтарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан премьер-министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.
"2022 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасының үкіметі "Қазақстан Республикасының үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері үкіметінің басым салалардағы жобаларды дамытуға арналған ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік құру туралы бірлескен декларациясын ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы заңының жобасын Қазақстан Республикасы парламентінің мәжілісінен кері қайтарып алу туралы" №3 қаулыны қабылдады", - делінген ресми хабарламада.
Осы декларацияның аясында Өскемен және Шүлбі су электр станцияларын шетелдік инвесторларға беру мәселесі қарастырылған болатын.

Декларацияда не жазылған?

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері  арасындағы бірлескен декларацияға сәйкес, басымды салаларда бірлескен жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату қарастырылған.
"Тараптар Қазақстан үкіметі "АЭС Шүлбi ГЭС" ЖШС мен "АЭС Өскемен ГЭС" ЖШС жарғылық капиталындағы мемлекеттік қатысу үлесінің 100 (жүз) процентіне дейін Әбу-Даби мен қазақстандық инвесторлар консорциумына тікелей атаулы сатуға ниетті екенін мойындайды", - делінген құжатта.
Былтыр қазан айында энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков құжаттың осы тармағына қатысты түсініктеме берген. Оның айтуынша, қаржы министрлігі халықаралық консультантты тарту арқылы осы нысандардың нарықтық бағасын анықтау жұмысына кіріскен. Одан кейін ғана араб жағымен келіссөздер жүргізіледі. Бәлкім, инвесторлар жекешелендіріп алады. Су электр станцияларының нарықтық бағасын анықтау шаралары жылдың аяғына дейін жалғасады деген. 

Депутат алаңдаушылық білдірді

Бұған дейін мәжіліс депутаты Сергей Решетников Өскемен және Шүлбі су электр станцияларының жекешелендіруге қатысты үкімет жоспарына наразылық білдірген. Қазіргі кезде ол нысандар мемлекет меншігіне жатады.
Депутаттың айтуынша, мемлекетке осы екі су электр станциясын жеке меншікке берген тиімді. Себебі эксплуатация мен жөндеуге кететін шығындар азаяды. Алайда ол нысандар бюджетке салмақ түсірмей, өз шығынын толығымен ақтап отыр. Мәселен, 2019 жылы Өскемен су электр станциясының жалпы табысы 1,8 миллиард теңге болды. Ал Шүлбі су электр станциясы 1,2 миллиард теңге тапты. Барлық шығын сол ақшамен жабылды. Бюджеттен қосымша қаржы алынған жоқ.
"Су электр станцияларын жекешелендірудің нәтижесінде кәсіпкерлер халыққа тариф жағынан өз талаптарын қоюы мүмкін", - деді Решетников мәжілістің жалпы отырысында.
Сондай-ақ мәжілісмен шағын су қоймаларын жеке меншікке беру тәжірибесін еске алды. Соның салдарынан 2010 жылы Қызылағаш трагедиясы болды. Су тоғаны жарылып, 45 адам көз жұмды. Төтенше жағдайдан кейін ондай құрылыс нысандары мемлекет меншігіне қайтарыла бастады.