Қоғам

Қамауға алынған Мәсімовтің орынбасары туралы не белгілі

ҰҚК арнаулы қызметіне кандидат үшін ең бастысы – өз мемлекетіне және президентке деген адалдық, деді Садықұлов "Арыстан" арнайы мақсаттағы қызмет туралы деректі фильмде. Бірнеше күн бұрын ол мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен қамауға алынды
Sputnik
АЛМАТЫ, 13 қаңтар – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде Кәрім Мәсімовтің орынбасары қызметін атқарған Әнуар Садықұлов бастығымен бірге мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен қамалды. Әнуар Садықұлов 1967 жылы Алматы қаласында туған, Ленинабад пен Қапшағай қаласында Кеңес армиясы қатарында қызмет еткен.
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті "А" арнайы мақсаттағы қызметінің құрылғанына 25 жыл толуына орай 2017 жылы түсірілген деректі фильмде Әнуар Садықұлов былай деген:
"Ең бастысы – өз мемлекетіңе және президентке деген адалдық. Өкінішке қарай, қазіргі әлемде қауіп-қатер деңгейі төмендемей тұр, біз Таяу Шығыстағы, Сириядағы жағдайды көріп, талдаймыз. Біздің міндетіміз – осы сын-қатерлерге дайын болу және тиісті шаралар қабылдау".
Сол фильмде ол "біздің кез келген қызметкеріміз өз Отаны үшін өмірін қиюға дайын. Бұл - ер адам, жауынгер өз Отаны үшін жасай алатын ең үлкен нәрсе. Мүмкін ол осы үшін дүниеге келген шығар", деген.
2022 жылдың қаңтарында Әнуар Садықұлов мемлекетке опасыздық жасады және елдегі билікті күшпен басып алуға әрекет жасады деген күдікпен Кәрім Мәсімовпен бірге қамауға алынды.