НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар – Sputnik. ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің Қазақстандағы бөлімшелері тұрақты орналасу пункттеріне оралу үшін техниканы дайындауға кірісті, деп хабарлады Ресей қорғаныс министрлігі.
"ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштерінің қолбасшылығы мен Қазақстан Республикасы қорғаныс министрлігі әзірлеген жоспарға сәйкес бітімгершілік күштері күзететін әлеуметтік маңызы бар нысандарды елдің құқық қорғау органдарына тапсыру басталды", - делінген хабарламада.
Бітімгерлер Ресей әуе ғарыш күштерінің ұшақтарына техника мен материалдарды тиеуге және тұрақты орналасу пункттеріне оралуға дайындалып жатыр.
ҰҚШҰ бітімгершілік күштерін өз еліне қайтару қазақстандық тараппен бірлесіп ұйымдастырылатыны аталып өтті.
Бейсенбі, 13 қаңтарда ҰҚШҰ-ның алғашқы бітімгершілік күштері Қазақстаннан кетуге дайындалуда. Қырғызстанның әскери контингентін шығару басталды.
Бұған дейін Қазақстаннан ҰҚШҰ бітімгершілік күштерін шығару 10 күннен аспайтыны хабарланған болатын.