Видео

Шымкентте сауда үйін тонау сәті видеоға түсіп қалды

Іздестіру шаралары барысында жалдамалы пәтерде ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен төрт адам ұсталды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар – Sputnik. Шымкенттің полиция депаратменті қаладағы тәртіпсіздіктер кезінде ірі сауда үйі қалай тоналғанын көрсетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
5 қаңтарда түнгі уақытта Шымкенттегі жаппай тәртіпсіздік кезінде адамдар "Метро" сауда орталығының есік-терезесін сындырып, ішінен азық-түлік тауарларын ұрлаған. Тәртіп бұзушылардың әрекеті жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларына жазылып қалды.
Шұғыл іздестіру шаралары барысында Нұрсат-3 шағын ауданында орналасқан жалдамалы пәтерде ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен төрт адам ұсталды. Олар - 2001 және 2002 жылдары туған Түркістан облысының тұрғындары. Пәтерде "Метро" сауда орталығынан ұрланған тауарлар табылды.
Күдіктілердің төртеуі де қамауға алынды.
Сауда үйін тонаған тағы бір ер адам ұсталды. Ол ұрланған заттарды өзі жұмыс істейтін көлік жуу орнының демалыс бөлмесіне тығып қойған. Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
"Қазіргі кезде "Метро" сауда орталығынан ұрланған басқа да заттарды анықтауға бағытталған шұғыл іс-шаралар жалғасып жатыр", - дейді полиция басшысы Ералы Жұмаханбетов.