НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар – Sputnik. ҰҚШҰ бітімгерлік күштері Қазақстандағы жағдайды тұрақтандыруда өте маңызды рөл ойнады. Олардың арқасында өмірлік маңызы бар нысандар бақылауға алынды. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин РФ қорғаныс министрі Сергей Шойгумен ҰҚШҰ-ның Қазақстандағы миссиясы бойынша өткен кездесуде мәлімдеді.
"ҰҚШҰ бітімгерлік күштері біздің жақын серіктесіміз, одақтасымыз – Қазақстандағы жағдайды тұрақтандыруда өте маңызды рөл ойнады. Бұл Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың берген бағасы", - деді Путин.
"Шынымен де, біз өмірлік маңызы бар нысандарды, инфрақұрылым объектілерін бақылауға алып үлгердік, құқыққорғаушылар мен әскери қызметшілерді ел ішіндегі арнайы операцияға тартуға мүмкіндік бердік", - деп келтірді Ресей президентінің сөзін РИА Новости.
Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгудың қатысуымен ҰҚШҰ қорғаныс министрлері кеңесінің кезектен тыс отырысы бейсенбі күні бейнебайланыс режимінде өтті.
Еске салсақ, 13 қаңтарда ҰҚШҰ бітімгерлік контингентін Қазақстаннан шығару басталды. Әскерилер елге Тоқаевтың өтінішімен келген еді. ҰҚШҰ-ның соңғы бітімгері республикадан он күннен соң кетеді.
Қазақстанда бітімгерлер жауынгерлік іс-қимылға қатысқан жоқ, тек стратегиялық маңызы бар нысандарды күзетті. Елге Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Армениядан барлығы 2,3 мың бітімгер келді.