АЛМАТЫ, 13 қаңтар – Sputnik. Алматыда қаланы қорғау кезінде шабуылдаушылардың қолынан қаза тапқан қарулы күштердің офицері Сәндібек Хаировпен қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"35-гвардия десанттық-шабуыл бригадасы командирінің орынбасары подполковник Сәндібек Хаиров конституциялық құрылымды ерлікпен қорғап, қаза тапты. Ол әскери қызметшілерді қала әкімдігінің шабуыл жасалған ғимаратынан шығарып үлгерді, бірақ өзі қорғана алмады", - деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Подполковник Сәндібек Хаировпен қоштасу рәсімі
© Photo : Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Марқұммен қоштасу рәсімінде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Оның ерлігі әрқашан батылдық пен офицерлік абыройдың, әскери борышты атқарудың үлгісі болатынын атап өтті.
Қала әкімі Сәндібек Хаировтың отбасына материалдық көмек көрсетілгенін, сондай-ақ пәтер берілетінін хабарлады.
Марқұмның артында жұбайы мен екі баласы қалды.