НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар – Sputnik. Алматыда Офицерлер үйі маңында қаланы қорғау кезінде содырлардың қолынан қаза тапқан Қарулы күштер офицері Сәнбідек Хаировпен қоштасу рәсімі өтті. Жиын кезінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қаза болған жауынгерлер мен әскерилерге Республика алаңында ескерткіш орнатылатынын мәлімдеді.
"Қаза тапқан әскери қызметшілер, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің есімін мәңгі есте қалдыру үшін Республика алаңында мемориал орнатылады. Елімізді террористерден қорғап, азаматтардың қауіпсіздігі мен бейбітшілікті сақтаған батырлардың ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі болуы керек", - деді әкім.
Қазақстандағы бүлік
2022 жылдың басында елдің батысында жаппай нарызылық басталды. Оған автокөлікке құятын газдың құны литріне 120 теңгеге дейін өскені себеп болған. Жаңаөзен мен Ақтау қаласының тұрғындары бағаны 50 теңгеге дейін төмендетуді талап етті. Арнайы құрылған үкіметтік комиссия белсенділермен келіссөз жүргізіп, бұл талап орындалатынын мәлімдеді.
Артынша басқа қалалардың халқы да наразылық шеруіне шыға бастады.
Ал Алматыда наразылық соңы лаңкестік әрекетке ұласты. Көшеге шыққандар полиция көліктерін қиратып, әкімшілік ғимараттарды өртеп жіберді. Алматы полиция департаментінің ғимаратына шабуыл жасады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Алматы қаласы мен 9 облыс орталығы бандиттердің қолында болған. Содырлар тіпті, Ақорданы да басып алуды жоспарлаған. Алайда елордағаа үш әскери-көлік ұшағының келгенін естіп, бұл жоспарынан бас тартқан.
Осы оқиғалардан кейін президент ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Осылайша Қазақстанға 2 мыңнан аса ҰҚШҰ күштері мен 250 техника кіргізілді. Олар стратегиялық маңызды объектілерді күзетеді.
Кейінірек Тоқаев Қазақстанда билікті басып алуға дайындық жүргізілгенін мәлімдеді. Шабуылдаушылар халықтың автогаз бағасына деген наразылығын желеу еткен.
Ел билігі бүкіл республикада 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай жариялап, контртеррористік операция бастады. ІІМ мәліметінше, күш құрылымдарының 17 қызметкері қаза тауып, 1,3 мыңнан астамы жараланған.