Қоғам

Жастардың жеке кәсібіне берілетін грант мөлшері 1,2 млн теңгеге дейін артады

Сонымен қатар, жастар практикасы және бірінші жұмыс орны жобаларының мерзімі мен жалақы мөлшері ұлғайтылады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 12 қаңтар – Sputnik. Жастар мен халықтың әлеуметтік осал тобына жеке кәсібін дамыту үшін берілетін қайтарымсыз грант мөлшері 400 АЕК-ке немесе 1,2 миллион теңгеге дейін өседі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің айтуынша, халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен NEET жастарды ерте анықтау жүйесін енгізе отырып, оларға мамандық таңдау, оқыту және жұмысқа орналастыру бойынша қолдау көрсетіледі.
"Атамекен" кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, әр ауылдың ерекшелігін ескеріп кәсіпкерлікке оқыту, өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді сатуға қолдау көрсету, жеңілдікпен кредит және грант бөлу шаралары қарастырылады.
Сонымен қатар министрлік жастар мен халықтың әлеуметтік осал тобына бизнес бастамаларын жүзеге асыруға берілетін қайтарымсыз грант мөлшерін 400 АЕК-ке дейін өсірмек.
"Президенттің тапсырмасына сәйкес, грант мөлшері 200 АЕК немесе 613 мың теңгеден 400 АЕК немесе 1,2 миллион теңгеге дейін артады. Бұл орайда грант берілетін бизнес жобалардың тиімділігін бағалау күшейтіледі", - деді Шәпкенов үкімет отырысында.
Сонымен қатар, жастар практикасы және бірінші жұмыс орны жобаларының мерзімі мен жалақы мөлшері ұлғайтылады.

Әлеуметтік кодекс парламентке қашан түседі

"Қазіргі таңда Әлеуметтік кодекс жобасы әзірленіп жатыр. Оны 2022 жылдың желтоқсанында парламент мәжілісінің қарауына енгізу жоспарланып отыр", - деді ведомство басшысы.
Әлеуметтік кодекс аясында азаматтардың әлеуметтік құқығы мен міндеттерін бір жүйеге келтіру, мемлекет пен азаматтардың әлеуметтік саладағы міндеттемелері мен жауапкершілігін нақтылау көзделеді.
Кодексті қабылдау халықтың өмір сүру сапасын арттырып, әлеуметтік қолдау шараларын кешенді түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп сендірді Шәпкенов.

Оқи отырыңыз: