НҰР-СҰЛТАН, 12 қаңтар – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысындағы департаментіне жасалған шабуылға қатысты ресми ақпарат жарияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
6 қаңтарға қараған түні 350-ге жуық адам атыс қаруы мен "Молотов коктейлдерін" қолдана отырып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облыстық департаментін басып алуға тырысқан.
Сол түні жеке құрамның өмірі мен денсаулығына қауіп төнді. Режимдік нысанда қару-жарақ қоймасы болған. Сол себепті ғимаратты қорғау кезінде шабуыл жасағандарға қарсы оқ атуға шешім қабылданды.
"ҰҚК Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментінің арнайы мақсаттағы тобымен бірлесе отырып, үш бірдей қарулы шабуылға тойтарыс берілді. Атыс кезінде жараланған терроризмге қарсы орталықтың бөлім бастығы подполковник Дархан Әділбай қаза тапты", - делінген ҰҚК таратқан хабарламада.
Қазіргі таңда қарулы шабуыл бойынша 6 қылмыстық іс қозғалды. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлімінің 2-ші және 15-ші тармақшалары ("Адамның қызметтiк жұмысын жүзеге асыруына не кәсiптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамды немесе оның жақындарын өлтіру"), 255-баптың 3-бөлімі, 2-тармағы ("Терроризм актісі") және 287-баптың 3-бөлімі ("Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру").
Жамбыл облысында құрылған ведомствоаралық жедел тергеу тобы Қылмыстық кодекстің 269-бабы, 2-бөлімінің 1-ші және 6-шы тармақшалары ("Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен шабуыл жасау немесе оларды басып алу") бойынша 30 адамға қатысты тергеу шараларын бастап кетті.
Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысы бар адамдарды қылмыстық қудалау жұмыстары жалғасып жатыр.