Қоғам

Қаза болған полицейлер мен әскерилердің отбасына баспана беріледі

Бұл мәселе менің жіті бақылауымда болады, деп мәлімдеді Қазақстан президенті
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 11 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тәртіпсіздіктер кезінде қаза болған полицейлер мен әскерилердің отбасы баспанамен қамтамасыз етілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қаза болған тәртіп сақшыларының, әскери қызметшілер мен қарапайым азаматтардың отбасыларына көмек көрсету біздің қасиетті борышымыз. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда болады. Тұрғын үймен, оқумен және басқа да қажетті нәрсемен қамтамасыз етеміз", - деді Тоқаев.
Президент қысқа мерзім ішінде қираған дүние-мүлікті қалпына келтіру керектігін атап өтті.
"Толығымен қалыпты өмірге ораламыз. Қаржы жүйесі мен көлік саласының, азық-түлік жеткізу ісінің еш кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер тапшылығын, бағаның негізсіз өсуін болдырмау маңызды", - деді ол.
Үкімет комиссиясы өз жұмысын бастап кетті. Ол азаматтар мен бизнеске қолдау көрсетеді. Мемлекет қаржылай көмекпен қатар, кәсіпкерлерге басқа да қолдау түрлерін ұсынады. Атап айтқанда, несиелер бойынша пайыздық төлемдер, айыппұл мен өсімпұл белгілеу тоқтатыла тұрады.