"5 қаңтар кештен бастап, 6,7, тіпті 8 қаңтарға дейін өте шиеленісті жағдай болды. Қызметкерлер жұмыс орнында болған кезде аурухананың қабылдау бөлімінің есігін бұзып кірді. Терезелерді сындырды, оқ атылды. Соның ішінде Райымбек көшесіне қарайтын терезеден оқ атты, ол жерде науқастар жатқан жансақтау бөлімі бар. Шиеленісті жағдайда қызметкерлерге қауіп төнді. Біз науқастар мен қызметкерлер тұтқынға алынады деп қорықтық", - дейді Манас Рамазанов.
Ал Алматы қаласы жедел жәрдем қызметі директорының орынбасары Андрей Ложкиннің айтуынша, 4 қаңтардан бастап "103" қызметкерлері төтенше жағдайда жұмыс істей бастаған.
"Қызметкерлер қорқып қалған еді. Қазір көптеген қызметкер елдегі жағдайға байланысты жұмысқа шықпай отыр. Блок бекеттен өте алмай қалғандары да бар. Алайда жедел жәрдем қызметі өз жұмысын атқарып жатыр. 187 бригаданың жұмысын қамтамасыз етіп отырмыз. Оның ішінде фельдшер мен мамандандырылған бригада да бар", - дейді Ложкин.
Қалада жедел бөлім штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Қызметкерлерге қосымша жүктеме түскен. Олар қоңырау шалған адамның даусына, сөйлеу мәнеріне қарап азаматтың қауіпті-қауіпсіз екенін анықтауға тырысады.
Айта кетері, қалада қазір терроризмге қарсы операция жүріп жатыр.