Саясат

Тоқаев үкіметтің жаңа құрамын бекітті

5 қаңтарда елдегі жаппай наразылықтан кейін президент үкіметті отставкаға жіберген болатын
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 11 қаңтар – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің жаңа құрамын бекітті. Жарлық Ақорда сайтында жарияланды. 
Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Үкімет отставкасы

2 қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары наразылыққа шықты. Оған автокөлікке құятын газдың құны литріне 120 теңгеге дейін өскені себеп болған. Наразылық білдірушілер бағаны 50 теңгеге дейін төмендетуді талап етті. Арнайы құрылған үкіметтік комиссия белсенділермен келіссөз жүргізіп, бұл талап орындалатынын мәлімдеді. 
Сондай-ақ Ақтөбе әкімдігі де наразылық білдіргендердің екі талабы - митинг барысында қамауға алынғандар босатылып, сұйылтылған газ бағасы 50 теңгеге дейін арзандатылғанын хабарлады.
Басқа өңірлерде де митингілер өтті. Ал Алматы мен бірнеше өңірде наразылық соңы тәртіпсіздікке ұласты. Осыған байланысты 5 қаңтарда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды. Премьер-министр міндетін уақытша Әлихан Смайылов атқарды.
Мемлекет басшысы бүгін, 11 қаңтарда мәжіліс отырысына қатысып, премьер-министр кандидатурасына Әлихан Смайыловты ұсынды. Мәжілістегі үш фракция да оның кандидатурасын мақұлдады. Қатысып отырған 89 депутат кандидатураны қолдап дауыс берді. Тоқаев жаңа премьер-министрге табыс тіледі.