Қаңтар оқиғасы

Алматыда тәртіпсіздіктер кезінде судья қаза болды

Ол әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жұмыс істеген
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 11 қаңтар – Sputnik. Алматыда тәртіпсіздіктер кезінде ауданаралық соттың судьясы Мұрат Абраев қаза тапты. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
"Алматы қалалық сотының басшылығы, Алматы қаласы соттар әкімшісі Алматы қаласы әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Абраев Мұрат Советұлының қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып көңіл айтады", - делінген хабарламада.
Судья қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде көз жұмған.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлы оқ тиіп көз жұмды.
26 жастағы ер адам көлікпен келе жатқанда оқ астында қалған. Ол оқиға орнында мерт болды. Күні кеше жерлеу рәсімі өтті.