НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Нұр-Сұлтанда ҰҚК полковнигі Азамат Ибраев өлі табылды, деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
"2022 жылдың 10 қаңтарында Нұр-Сұлтан қаласында тұрғылықты жеріндегі үйдің ауласынан ҰҚК полковнигі Азамат Ибраевтың мәйіті табылды", - делінген хабарламада.
Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің Есіл полиция бөлімі бұл деректі 2022 жылдың 10 қаңтарында тіркеді.
Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, осыдан бірнеше сағат бұрын Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменовтің көз жұмғаны белгілі болды.
8 қаңтарда ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімовтің ұсталғаны хабарланды. Ол мемлекетке опасыздық жасады деген күдікке ілінді.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен өңірлердегі толқуларға байланысты Қазақстан бойынша төтенше жағдай енгізген болатын. Мемлекет басшысы оларға ұйымдасқан және дайындалған лаңкестік топтар тартылғанын мәлімдеді. Тоқаев ҰҚШҰ бойынша одақтастарынан әскери көмек сұрады.