НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Алматы қаласындағы Қазақстанның мемлекеттік орталық музейіне бүлікшілер шабуыл жасағаны белгілі болды, деп хабарлады kazmuseum.kz сайты.
Оқиға 2022 жылдың 5 қаңтарында болған. Бүлікшілер музейге кірген бетте "Алтын адамды" және музейдегі алтын заттарды іздеген. Бұл туралы музей директорының орынбасары Бибігүл Дәндіқарақызы мәлімдеді.
"Қалада оқыс жағдай басталған кезде музейде жеті қызметкер қалып, басқаларды үйіне қайтарып жібердік. Түстен кейін музейге таяу орналасқан жердегі ғимараттарға шабуыл жасалып, өртеніп жатқанын байқадық. Шамамен сағат 16.00 кезінде 200-дей шабуыл жасаушы музей ғимаратына кірді. Жүгіріп алдарынан шықтым. Барлығы дерлік жастар. Бар дауысыммен айқайлап, ештеңеге тиіспеуін өтіндім", - дейді Бибігүл Дәндіқарақызы.
Бүлікшілер сөзге тоқтамай, электронды құрылғыларды қирата бастаған. Алайда кейбірі музей қызметкерінің сөзіне құлақ асып, қалғанына тоқтау салған.
"Оларға "Бұл заттардың барлығы – ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Сындырмаңыздаршы, бұларды өртесек, біздің тарихымызда ештеңе қалмайды. Ертеңгі күні сіздерге керек болады ғой" деген сөзімді кейбірі тыңдады. Тыныштық орнатып, менен "Алтын адамның" оригиналы қайда?", "Алтын заттар қайда тұр?", "қылыштар бар ма?" деп сұрай бастады. "Алтын адамның" түпнұсқасының бізде емес екенін айттым", - дейді ол.
Бұл уақытта музей залдарында негізгі жарық емес, кезекші жарық шамдары жанып тұрған. Соның көмегі тиген болса керек, кейбір заттар қараңғыда анық көріне қоймаған.
"Жанымда тұрған музей қызметкерлері арасында тұрған біреуі мені "өлтіріп кетейік" деп жан-жағындағыларға айтқанын естіпті. Мен мұны естімедім. Бір кезде арасындағы 20 шақтысы діни рәсімдерін жасап, музейде тыныштық орнады. Құлшылықтарын жасаған соң, барлығы сөзге тоқтады. Арасындағы біреуіне бағына бастады", - деп толықтырды Дәндіқарақызы
Шамамен 5 сағаттай уақыт өткен соң, сырттан қара пальто киген екі жігіт келген. Жақсы киінген, түзу адамдар сияқты көрінген. Ол екеуі топты басқарып жүргендермен сөйлесіп, Алматы әуежайына кететінін, біраз уақыттан соң қайтып келетінін және музей ғимараты олардың штабына айналатынын айтқан.
"Үнсіз бас изеп, олардың тезірек кетуін тіледік. Ішінен 20 шақты адам тағы да діни рәсімдерге сәйкес құлшылық жасап болған соң, барлығы біреуінің командасымен сыртқа шықты. Бұл шамамен 21.00-ден асқан уақыт болатын", - дейді ол.
200-дей шабуылшы музейде болған уақытта ғимараттың қор сақтайтын арнайы жертөлесінде жаралы әскери мамандар болған.
"Біз музейге шабуыл жасағандармен алысып жатқанда, музейдің бункерінде құқық қорғау органдарының 15 қызметкері жаралы жатқан еді. Әкімдік ғимаратына шабуыл басталғанда оларды музейдің ең түпкі қоймасына жасырған өзіміз едік. Музейдегі 2 қызметкер жаралыларға білгендерінше медициналық көмек жасады. Арасында қол-аяғына, көзі мен кеудесіне оқ тигендері болды. Түрлері өте аянышты, жап-жас балалар. Оларға қарап жыларман болдық", - деп атап өтті музей директорының орынбасары.
Қызметкерлер бүлікшілерге бункерде құқық қорғау органдарының 15 адамы бар екенін білдірмеген.
Музейге келтірілген материалдық залал көлемі жақын күндері анықталатын болады. Ең бастысы ұлттық мұраға зақым келмеген.